Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Агроөнеркәсіп кешені кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Кеңесті комитет төрағасы Іздібаев Нұрлан жүргізіп отырды.
Қаралған мәселе «Ауыл аманаты» жобасы. Бағдарлама әкімшісі облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы.

Отырыста аталған басқарма басшысының орынбасары Ғалым Баймбетов жобаның талаптарымен, қазіргі жүзеге асырылу барысымен таныстырып өтті. Қазір жобаны жүзеге асыруға жауапты сенім білдірген өкілді анықтау үшін мемлекеттік сатып алу саласындағы заң талаптарына сәйкес конкурс өтіп жатыр екен.

Конкурс жеңімпазы анықталғаннан кейін жұмыс басталады. Жобамен мамыр айының жиырмасынан құжат қабылдана бастайды. Қазір Қызылорда қаласы мен аудандарға қарасты ауылдық округтерде түсіндірме жүргізіліп жатыр. «Ауыл аманатының» аясында 28 кооператив құрылып, 636 жаңа жұмыс орны ашылмақ. 20 дана ауыл шаруашылығы техникасы алынады деп жоспарлануда екен.

Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы осы жоба аясында кеңес беру жұмыстары жыл басынан бері жүргізілуде.

Жобаға сай қаржыландыру бағыттары:
– Өңдеу саласына қатысты жобаларды қаржыландыру (жылыжай, ет,сүт өндірісі, құс және балық шаруашылығы);
– Өсімдік шаруашылығын дамыту;
– Ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау;
– мал шаруашылығын дамыту;
– Басқа бағыттағы бизнес жобалар.

Өңірде «Ауыл аманаты» жобасына биыл 3 млрд теңге қаржы қаралған. Жоба халықтың табысын арттыру, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігін және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.

Былтыр Жамбыл облысында басталған пилоттық жоба биыл еліміздің бүкіл өңірін қамтитын бағдарламаға айналып отыр. Соған орай, ауыл халқының табысын арттыру мақсатында қазақстандықтарға микрокредит беріледі.

Комитет отырысында “Зум” жүйесі арқылы Жамбыл облысының Ауыл шаруашылық басқармасы мен “Тараз” ӘКК-ы өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісіп, сұрақтарға жауап берді.

Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін. Ал ең жоғары сомасы 2,5 мың АЕК немесе 8,6 млн теңге. Зәкірлік кооперацияны дамыту үшін 8 мың АЕК немесе 27,6 млн теңгеге дейін. Сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5%-дан аспайды.

БӨЛІСУ