Қызылордада әлеуметтік әріптестер жазатайым оқиғалардың алдын алу және өндірістік жарақаттануды төмендету жөніндегі шаралардың Жол картасын қабылдады.
Бүгін Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау: аймақтағы ахуал және өзекті мәселелер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Жиын Халықаралық Еңбек Ұйымы бастамасымен 28 сәуірде аталып өтетін Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай, өндірісте қаза тапқан және жарақаттанған, кәсіптік аурулардан зардап шеккендерді еске алу мақсатындағы шаралар аясында өткізілді. Дөңгелек үстелге Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Б.Сансызбайұлы, облыстық бақылау жөніндегі басқармасының басшысы Ғ.Қалиев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғ.Жаңабаев, облыстық полиция департаменті өкілі Ұ.Шертарамкетов, “Торғай Петролеуим” Ақ басшысы орынбасары М.Сарсенбаев, “Қызылорда су жүйесі” МКК бөлім басшысы А.Шарапатов, Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Д.Жанабергенова, облыстық салалық кәсіподақтары төрағалары қатысты. Жиында басқарма басшысы Ғанижан Піртазаұлы облыс аумағындағы кәсіпорындар мен мекемелерде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жайы туралы баяндады. Өткен жылы 1467 қазақстандық жұмыскерлер еңбек жағдайында түрлі жарақаттар алған, жазатайым жағдайларда 203 адам қайтыс болып, оның ішінде 9-ы облыс жұмыскерлері.
Басқарма басшысы облыстағы кәсіпорындарда «Нөлдік жарақат» тұжырымдамасын ілгерілету, «Халықтық бақылау» жобасы бойынша ақпараттық насихаттау жұмыстары жайы туралы айтты.
Жиын қорытындысымен Әлеуметтік әріптестер жүзеге асыратын 2023 жылғы жазатайым оқиғалардың алдын алу және өндірістік жарақаттануды төмендету жөніндегі шаралар Жол картасы қабылданып, бір топ кәсіподақ мүшелеріне марапаттар табысталды.