Парыз-адамның ел-жұрт, мемлекет пен қоғам алдындағы борышын білдіретін әдептік ұғым.
Аудандық соттың өндірісіне 2022 жылдың 12-айында өндіріп алушының пайдасына борышкердің барлық айлық табысының және (немесе) өзге кірісінен алимент өндіру жөнінде барлығы 39-арыз түскен, 2023 жылдың 3 айында 11 арыз түсіп, барлығында борышкерден алимент өндіру жөнінде сот бұйрығы шыққан.
Қазақстан Республикасы Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Кодексінің 138-бабына сәйкес ата-аналары жасы кәмелетке толмаған балаларын асырап – бағуға міндетті.
Ал, осы Кодекстің 138-бабының 3-бөлігінде Ата-аналардың алимент төлеу туралы келісімі болмаған кезде, кәмелетке толмаған балаларға күтіп-бағу қаражаты берілмеген кезде және сотқа талап-арыз берілмеген кезде қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган кәмелетке толмаған балаларға олардың ата-аналарынан алимент өндіріп алу туралы талап-арыз беруге құқылы екені көрсетілген.
Кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағуға сот тәртібімен өндіріп алынатын алименттің мөлшері Қазақстан Республикасының Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексінің 139-бабының 1-бөлігінде Алимент төлеу туралы келісім болмаған кезде сот кәмелетке толмаған балаларға олардың ата-аналарынан алиментті ай сайын мынадай мөлшерде: бір балаға – ата-анасы табысының және (немесе) өзге де кірісінің – төрттен бір бөлігін; екі балаға – үштен бір бөлігін; үш және одан да көп балаға тең жартысын өндіріп алынатыны нақтыланған.
Кодексінің 164-бабының 2-тармағына сай алимент сотқа өтініш берген уақыттан бастап өндіріледі.
Борышкер мәлімделген талапқа қарсылығын сот бұйрығын шығарған сотқа сот бұйрығының көшірмелерін алған күннен бастап немесе оның шығарылғаны туралы оған белгілі болған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жіберуге құқылы.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 243-бабының 1-бөлігінде алименттер алып беру туралы сот актісі дереу орындалуға жататын шешімдер екені көрсетілгенмен борышкер, яғни отағасы, балалардың әкесі алимент төлеуден жалтарып, қашып, айлық табысын және өзіне тиісті дүние-мүлікті басқа адамның атына жаздырып сот шешімін орындаудан жалтарады.
Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 669-бабында, борышкер сот шешімін орындаудан жалтарғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылатыны көрсетілген.
Аудандық соттың өндірісіне 2022 жылдың 12-айында 2 іс түсіп қаралған, әкімшілік қамау жазасы берілген.
Борышкер С.С өндіріп алушы В.В-ның пайдасына екі балаға төлеуге тиіс алиментті бірнеше жылдан бері төлемеген. Оның алименттен берешек қалыптасып, Жалағаш аудандық сотының 2020 жылғы 16 шілдедегі сот бұйрығын орындамаған.
Сотта С.С өз кінәсін мойындап, алдағы уақытта алиментті төлейтінін, жеңіл жаза қолдануды сұрады.
Сот қаулысымен С.С. ӘҚБтК-нің 669-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, әкімшілік жаза ретінде 1 (бір) тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алынды.
Қазақстан Респбликасы ҚК-нің 430-бабына сәйкес жауаптылық заңды күшіне енген сот үкімін, шешімін немесе өзге де сот актісін не атқарушылық құжатты алты айдан астам орындамауы, сол сияқты оларды орындауға кедергі жасауды анықтаған кезде ғана туындайды.
Алимент төлемей әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қылмыстық іс қозғалып сотты болып жүргеннен гөрі, ұрпағыңның алдында парызыңды өтеп жүргенің абзал ғой.
Азаматтық парыз адам құқықтарын қастерлеумен тығыз байланысты. Азамат өз құқықтарын пайдаланып қана қоймай, сонымен бірге қоғам, заң және басқа тұлғалар алдындағы жауапкершілігін сезіну қажет.Азаматтық парыз азаматтық қоғам, құқықтық мемлекет және халықтың шынайы билігі бар жағдайларда жүзеге аса алады.
Қазақстан Заңгерлер Одағының мүшесі
Аудандық соттың бас маманы Б.Н.Исағабылов