Облыстық білім басқармасы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша департаментімен бірлесіп ашық есік күнін ұйымдастырды.

Қала мектептерінің жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттері шекарашылардың жұмысымен жақынырақ танысты. Шара 500-ден астам баланы қамтыды.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша департаментінің бөлім бастығы, сала ардагерлері жас ұрпаққа қырағы қызметтің маңыздылығы туралы айтты.

Биыл шекара қызметінің құрылғанына – 31 жыл. Ұлттық қауіпсіздік сапында тұрған ел қорғандары есірткі трафигіне, экстремизм мен терроризмге қарсы күрестерге мамандандырылған. Бүгінде шекарашылар мемлекетіміздің шекарасын толық күзетке алып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр. Оқушылар ел шекарасының тұтастығын көзінің қарашағындай қорғап жүрген мамандық иелерінің кәсіби шеберлігін бағамдап, олардың қызметін жақынырақ тануға мүмкіндік алды. Шекарашылар алдымен балаларды қоян-қолтық күрестің тактикаларымен таныстырды. Мұнан соң арнайы мақсаттағы ұтқыр іс-қимыл жасағының қызметін көрді. Кинологиялық қызметтің мүмкіндіктерімен, киім үлгілерімен, қару-жарақ түрлерімен, әскери көлік түрлерімен танысып, шекара қызметінің қыр-сырына қанықты.

Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп, бойында елжандылық, Отансүйгіштік қасиетті ояту – маңызды міндеттердің бірі. Шараға қатысушылар ел болашағының тұтастығын, тыныштығын, тұрақтылығын қамтамасыз ететін шекара қызметінің жауапкершілігін сезінді. Жас ұрпақ ағалары сияқты жігерлі, епті болуға бекініп, шекарашылар шоғырынан үлкен серпінмен қайтты.

©️Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі

БӨЛІСУ