Қазақстан халқы Ассамблеясының басты мақсаты – еліміздегі барша ұлттардың басын қосып, мұраты бір, тағдыры ортақ жұртқа айналдыру. Қазір біз сол алға қойған мақсаттың орындалғанын, Ассамблея жұмысы өз нәтижесін бергенін көріп отырмыз. Өйткені Қазақстан халқы бір шаңырақтың астында бір отбасының баласындай тату-тәтті өмір кешіп келеді.
Бүгінгі ұрпақтың міндеті – бірлік пен ынтымақты одан әрі нығайту. Себебі тұрақтылық та, тыныштық та, даму да – бірлікте! Болашағын ойлаған, ұрпағының тағдырына алаңдаған әрбір халықтың арманы сол болса керек. Ол үшін біздің алдымызда атқарылуға тиіс міндеттер бар. Бұл жұмыстар бұрыннан да жүргізіліп келеді, бірақ оларды әлі де күшейте түсу қажет. Соның ең бастысы – ел халқын мемлекеттік тілдің айналасында ұйыстыру. Қай ұлттың өкілі болғанына қарамастан, осы топырақта өніп-өсіп отырған әрбір азамат мемлекеттік тілді білуі шарт. Егер біз бәріміз қазақ тілінде сөйлесек, ойымыз да бір болады, жүрегіміз де бірге соғады.
Ассамблея осы бағытта көп жұмыстар атқарып жатыр. Мысалы, оның ұйытқы болуымен жастар арасында «Үйде сөйле» жобасы қолға алынды. Сонымен бірге әрбір «Достық үйінде» қазақ тілін үйрететін тегін курстар ашылған. Ассамблеяның мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған «Мың бала» республикалық жобасы бар. Ол балаларға қазақ тілі мен қазақ халқының рухани құндылықтарын насихаттайды.
Әрбір азамат Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан атқарылып жатқан осы жұмыстарға өз үлесін қосып, атсалысуы керек. Қазақ тілі – Қазақстанды мекендеген барлық халықтың ұлтаралық тілі болғанша бұл жұмыстар тоқтамауы тиіс деп есептеймін.
Шерзод ПУЛАТОВ,
Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі