Судьялар мен сенаторлар сот жүйесін одан әрі жаңғырту мәселелерін талқылады.

Елордада біріккен аудандық соттар ғимаратында Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің көшпелі отырысы өтті.

Күн тәртібінде сот құрылысы мен сот ісін жүргізудің жаңартылған элементтері жағдайында құқықтың үстемдігін қамтамасыз ету үшін сот жүйесін жаңғырту мәселелері тұрды.

Отырыс жұмысына Комитет төрағасы Андрей Лукин бастаған депутаттық топ қатысты. Судьялар корпусы тарапынан: Жоғарғы Соттың төрағасы Асламбек Мерғалиев, ЖС азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріпов, ЖС судьясы Ұлбосын Сүлейменова және Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров қатысты.

Кездесу алдында депутаттар медиаторлардың, оқу орталығының, сот отырыстары мен күту залдарының жұмыстарымен танысты.

Асламбек Мерғалиев пен Андрей Лукин кіріспе сөздерінде осындай кездесулердің маңыздылығын атап өтті.

ЖС бастамаларына қатысты Н. Шәріпов АПК-де сот шешіміне қойылатын талаптар ретінде әділеттілік қағидатын бекіту қажеттігін еске салды. Бұл жерде соттардың формализмнен алшақтап, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес келуіне, процесті түсінікті әрі қолжетімді етуге мүмкіндік беретін азаматтық сот ісін жүргізудегі соттың белсенді рөлін күшейту қажеттілігі туралы сөз болды.

«Жалпы» кассацияны енгізу мәселесін қоюдың және сот ісін жүргізудің барлық түрлері бойынша өтінішхаттарды кассациялық қарауды біріздендірудің маңыздылығы атап өтілді. Сот орындаушыларының іс-әрекеттеріне шағымдану, мемлекеттік сатып алу және салық даулары туралы әкімшілік істер бойынша шешімдердің апелляциялық қаралғаннан кейін заңды күшіне енуі туралы мәселе талқыланды.

Сөз алған Наиль Ахметзакиров, Сот әкімшілігін құру аталған саладағы саясатты қалыптастыруға, сот менеджментін тұжырымдамалық түрде өзгертуге, қызметтің ақпараттық-талдамалық бағытын күшейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сенаторлар бірқатар сұрақтар қойып, оларға кассацияға қол жеткізу, соттардың тәуелсіздігін нығайту және т. б. туралы толық жауаптар алды.

А.Мерғалиев пен А. Лукин кездесу соңында құқықтың үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтардың сенімін арттыру шеңберінде заңнаманы жетілдіру үшін биліктің екі тармағының одан әрі белсенді өзара іс-қимылының қажеттігін атап өтті.

БӨЛІСУ