Тілдерді оқыту орталығы оқытушылары арасында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Үздік оқытушы – 2023» облыстық байқауы өтті.
2023 жылғы 28 сәуірде Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасына қарасты Тілдерді оқыту орталығының мемлекеттік тіл оқытушыларының қатысуымен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Үздік оқытушы – 2023» облыстық байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты – А. Байтұрсынұлының әдістемелік еңбектерін зерделеу арқылы оның тіл меңгертуге қатысты ұтымды әдіс-тәсілдерін анықтау және насихаттау, оқытушылардың кәсіби біліктілігін жетілдіре отырып, ересектерге қазақ тілінен сабақ берудің сапасын арттыру, өзара тәжірибе алмасу.
Байқауды Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы А. Есмаханов ашып, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Үш кезеңнен тұратын байқауда оқытушыларымыз өз білімдері мен біліктіліктерін шыңдап, авторлық бағдарламаларымен таныстырып, сабақ үлгілерін көрсетті және сөйлеудің 4 дағдысын үйретуге ұсынған тиімді әдіс-тәсілдері мен әдістемелері туралы сұрақтарға жауап берді.
Оқытушылардың жұмысын Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Исаева Жанар Аманжолқызы бастаған қазылар алқасы бағалады.
Байқау қорытындысымен жүлделі І орынға ие болған Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының Қармақшы ауданы бойынша мемлекеттік тіл оқытушысы Дүзенова Гүлжанат Өмірқызы Атырау қаласында мамыр айында өтетін байқаудың республикалық кезеңіне қатысып, облыс намысын қорғайтын болады.