Бүгін аудан әкімі Нұржан Ахатовтың төрағалығымен өткен аудан активінің отырысында әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша кеңейтілген мәжілістегі Мемлекет басшысы айқындаған экономикалық дамудың бағыттары бойынша мақсат-міндеттер пысықталып, нақты тапсырмалар берілді.

Ауыл шаруашылығы саласы бойынша

Жиында аудан әкімі азық-түлік тауарларын өндіру мен баға тұрақтылығын қалыптастыру мәселесіне тоқталып, «Азық-түлік бағасын тұрақтандыруды қамтамасыз ету үшін ауданымызда кемінде екі өнім сақтайтын қойма салу қажет. Әрі азық-түлік қоймасын салуға ниетті кәсіпкерлерге ауыл шаруашылығындағы инвестициялық субсидиялау тәртібіне сәйкес 1,0 мың тоннадан басталатын картоп-көкөніс сақтау орындарын салу, кеңейту шығындарының 50% пайызы мемлекет тарапынан өтелетіндігін жеткізу қажет» деді. Сондай-ақ, аудан басшысы қазірдің өзінде Шиелі кентінде жобалық құны 170 млн теңге болатын 700 тонна сыйымдылықтағы көкөніс сақтау қоймасының құрылысы жүріп жатқандығын, қойма жұмысын бастағаннан кейін бағаны тұрақтандыруға оң әсері болатынын айтты.

Мұнан бөлек, Нұржан Сәбитұлы жыл басынан бері аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының тапсырмасына сәйкес, кент және ауылдық округ көлемінде жергілікті тұрғындарды көкөніс, бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында маусымдық жер беру тәжірибесі енгізілгендігін, бүгінде Шиелі кенті мен елді мекендер бойынша егін егуге ынта білдірген 1 390 тұрғынға барлығы 1 520 гектар егістік жер беріліп, егін егу жұмыстары басталғанын тілге тиек етті. Бұл жұмыстарды одан әрі жандандыруды тиісті бөлім басшыларына тапсырды.

Кәсіпкерлік саласы бойынша

Келесі кезекте, кәсіпкерлік саласына тоқталған аудан әкімі, биылғы жылы аймақта кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға әртүрлі көздерден 22 млрд теңгеге жуық қаржы қаралып отыр. Аталған қаржыдан аудан кәсіпкерлері өз үлестерін алуы тиіс. Ең алдымен, пайда әкелетін бизнеске, яғни, жаңа жұмыс орындарын құратын тиімді жобаларға беру қажет. Оның ішінде жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыз болатын «Ауыл аманаты» жобасы аясында түсіндірме жұмыстарын күшейтуді тапсырамын», деді. Әрі, биыл ауданымызда жүзеге асырылатын «Шиелі Доломит» ЖШС «Қиыршық тас зауыты» мен «ADK Group Kazakhstan» ЖШС «Әк шығару зауыттарының» көмегімен 200-ден астам азамат тұрақты жұмыспен қамтылатынын қуанышпен жеткізді.

Білім саласы бойынша

Білім саласына ерекше тоқталған аудан әкімі «Соңғы жылдары білім саласында балалар тәрбиесіне қатысты көптеген олқылықтар орын алды. Мұның бір себебі, білім бөлімі басшысы лауазымының бос тұруымен байланысты болуы мүмкін. Сондықтан мәселені дереу қалпына келтіреді деген сеніммен жуырда аудандық ішкі саясат бөлімін 5 жылға жуық уақыт басқарып, өзін білікті басшы, іскер ұйымдастырушы ретінде таныта білген Жібек Орынбайқызын тағайындадық. Күні кеше ауданымызға арнайы келген Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың сапары да ұстаздарға үлкен серпіліс береді деген ойдамын. Енді алда сіздерден тек оң нәтиже күтеміз», деді.

Медицина саласы бойынша

Жиында медицина саласына да ерекше тоқталған аудан басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес медициналық ұйымдарда дәрі-дәрмекті жоспарлау, диспансерлік есепте тұратын науқастардың санын нақтылау, дәрі-дәрмекті науқасқа жазып беру ақпараттық жүйелерінің арасында интеграцияны жеделдету үшін денсаулық сақтау басқармасымен тиісті жұмыс жүргізуі керектігін айтты.
Сонымен қатар, медицина мекемелеріндегі қызметкерлердің қызмет көрсету сапасында да бірқатар кемшіліктердің орын алып отырғанын сөз етіп, «Медицина мекемелеріндегі қызметкерлердің халықпен қарым-қатынасына қатысты болып отыр. Тоқсан сайын халықпен кездесулерде болсын, жеке қабылдау кезінде болсын осы мәселе үздіксіз көтеріліп келеді. Аудан тұрғындарының басым көпшілігі медицина саласының қызметкерлерінің қызмет көрсету сапасына, халықпен сөйлесу мәдениетіне көңілдері толмайды.

Медицинаның атасы Гиппократ: «дәрігердің жүзі жылы, ұқыпты, киімі таза, қолдары жұмсақ, жағымды» болу керек деген екен. Сондықтан, дәрігерлер ең бірінші – өздерінің адам жанының арашасы екендігін ұмытпай, ар-ұждан, мейірім секілді қасиеттерді ұстануы керек деп есептеймін. Осыған байланысты, аудандық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері бірігіп, медицина қызметкерлері арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуі тиіс», – деді аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы.

Мұнан бөлек аудан әкімі баяндама барысында Мемлекет басшысы атап өткен барлық бағытқа жеке-жеке тоқталып, жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді.

©Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі

БӨЛІСУ