Күн жылысымен құрылыс қарқын алатыны белгілі. Тұрғындардың бірі жаңа үй көтерсе, енді бірі сарай, гараж басқа да нысан салуды қолға алады. Тіпті тұрғын үйді кеңейтіп, бөлмелер қосатындар да жоқ емес. Міне, осы уақытта көпшіліктің құрылыс материалдарына, оның ішінде қыш, кесекке деген сұранысы артады. Ал осындайда қыш өндіріп, кесек құюды кәсіп еткендердің жұмысы қызады. Олардың қатарында мұны отбасылық бизнеске айналдырған ЖК «Мадияр» да бар.
Сырдария ауданының тұрғыны Жұмабек Ембергенов пескоблок шығаратын шағын зауытты ашып, оның жұмысын жүргізуге бар күшін салды. Аталған кәсіпті өткен жылдан бастап қолға алған. Үлкен көлемдегі қыш құятын арнайы қалып, цемент пен тас араластыратын станок және басқа да құрал-жабдықтарды сатып алған. 5 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Қазіргі күні түрлі тапсырыстар қабылдап, өз кәсібін дөңгелетуде. Пескоблок от пен суға төзімді, жарамдылық мерзімі – 60-70 жылға дейін. Бұған қоса ол жылуды бойында ұстайтын құрылыс материалы.
– 2022 жылы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бағдарламасының аясында 3 млн. теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алдым. Біздің зауыт Тереңөзек кенті Ғ.Мұратбаев тұйығы көшесінде орналасқан, тәулігіне 700 дана пескоблок шығарамыз. Әзірге, пескоблоктың 20х40см көлемін өндіреміз. Биіктігі – 20 см. Арнайы қалып бар. Өнімнің бағасы – 280 теңгеден. Әр ауданнан, ауылдардан тапсырыс қабылдаймыз. Осылайша, кент тұрғындарын осы өніммен қамтамасыз етіп отырмыз. Өзіміздің жеке «Камаз» көлігіміз де бар. Сонымен жеткізіп береміз, – дейді кәсіпкер.