Қазақстан халқы бірлігінің күні қарсаңында өткен дәстүрлі іс-шараның маңызы зор. Әсіресе, қазіргі алмағайып заманда ауызбірлік пен тұрақтылық сияқты құндылықтардың мәні арта түсуде. Өйткені бұл құндылықтар – дамудың кілті, мемлекеттің тірегі.
Шынын айту керек, сессия ерекше атмосферада өтті. Президент қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті арттырудағы Ассамблеяның рөліне жан-жақты тоқталды. Терең ойлар айтылды. Бұл бүгінімізбен бірге, келешек дамуымыз үшін аса маңызды. Мемлекет басшысы өз сөзінде жалпыұлттық бірлікті нығайтудың жолдарын ұсынды. Этносаралық келісімді нығайту, ұлт бірлігін бекемдеу негізгі басымдық болып қала береді. Мемлекетімізде әр этностың мәдениеті мен тілін дамытуға, дәстүрін дәріптеуге барлық мүмкіндік бар.
Президент: «Біз бәріміз – бір отбасымыз. Бүгінде азаматтарымыздың барлығы өздерін үлкен әрі біртұтас қазақ отбасының, шын мәнінде, қазақ ұлтының мүшесі сезінеді. Бұл – жалпыұлттық бірегейлігіміздің тағы бір жарқын көрінісі», деді. Расымен де, Қазақстан – біртұтас мемлекет, ынтымағы жарасқан ел. Президент ортақ құндылықтардың төңірегіне топтасып, осы береке-бірлігімізді арттыруға шақырды. Осы орайда бес басымдықты атап өтті. Бірінші – бірлігіміз бен ынтымағымызға сызат түсіруге бағытталған кез келген арандатушылықтың жолын кесу. Екінші – этноәлеуметтік шиеленістің салдарын жою. Үшінші – көпмәдениетті ортаны дамыту және барлық азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеруі. Төртінші – Ассамблеяның саяси партиялармен және мемлекеттік органдармен өзара іс-әрекетін күшейту. Бесінші – мемлекеттік этникалық саясатты біріздендіру және дәйекті жүзеге асыру.
Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясаты да, қолға алған реформалары да осыған бағытталған. Әділдікке бастаған жол күллі ұлтымызды ұйыстырып отыр. «Мен бұған дейін де айттым: еліміздің тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы бәрінен қымбат. Ел бірлігі осы мызғымас құндылықтармен қатар тұруға тиіс. Сонда ғана болашағымыз баянды болады», деді Мемлекет басшысы.
Халқымыз «Бірлік түбі – береке»деп бекер айтпаған. Сондықтан Президент айтқандай, бәріміз бір тудың астына біріксек қана, Тәуелсіздігіміз баянды болады. Осы жолда бар күш-жігерімізді салайық!
Ерлан ҚОШАНОВ,
Мәжіліс төрағасы