Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXХІI сессиясында айтылған ой-пікірлер, ұтымды ұсыныстар – біртұтас қазақ ұлты деген қағидатқа өтудің бастауы. Менің ойымша, осыдан кейін қоғамның ішінде жақсы, сапалы талқылаулар қажет. Сондай-ақ дүрліктірмей, дүрлікпей, рухты біріктіретін оның ішінде қазақ компонентін алдыңғы қатарға шығаратын құндылық қалыптастыруымыз керек.
Ең басты идеяның бірі – қазақ ұлтының жаңа сапасы. Байқасаңыз, әлі күнге дейін қазақ мәселесі көтерілген кезде «қазақ деген құрып бара жатқан ұлт», «қазақ деген жойылайын деп жатқан ұлт» деген секілді өткен ғасырдың 60-70-жылдары, расымен ұлтқа қауіп төніп тұрған кездегі «ұрандар» басым. Біз енді бүкіл дерекке сәйкес, 70 пайыздан астық. Мысалы, осыдан 30 жыл бұрын қазақтың тең жартысы ана тілін білмесе, қазіргі жағдай мүлдем басқаша. Қазір өзге этнос өкілдері де қазақ тілін белсенді меңгеріп жатыр. Ассамблея соған мұрындық болуы керек. Бұл – осыған дейінгі секциялық отырыста көтерілген мәселе.
Қазақстанда екі этнос өкілі болса да, Ассамблея өзінің жұмысын тоқтатпайды. Құрылымның ең басты мақсаты – мемлекетті нығайту, ұлтты топтастыру, біртұтас қылу, бірізділік пен бірегейлікке алып келу және қарапайым тілмен айтқанда, өзге этнос өкілдеріне қазақ тілін үйрету, қазақ мәдениетін түсіндіру, түйсіндіру.
Алда-жалда егер екі өзге этнос арасында немесе екі топтың арасында кикілжің туындай қалса, ҚХА соған ең бірінші болып араласатын, азаматтарды бірлікке, татулыққа шақыратын ұйым болып қалуы керек. Ортақ жұмысты істейтін, әрине, мемлекеттік органдар, саяси партиялар, Парламент мүшелері және тағы басқалар. Алайда Ассамблеяның ішкі міндеті, жұмысы – өзге этностарды біртұтас идея айналасына топтастыру, біріктіру.
Айдос САРЫМ,
Мәжіліс депутаты