Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Утегенов Амиржан Сермаханұлы: «Полиция қызметкері жұмысына адал, жауапкершілігіне берік болуы керек»

Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Утегенов Амиржан Сермаханұлы жұмыс сапарымен Сырдария және Жалағаш аудандарында болды. Іссапар кезінде Амиржан Сермаханұлы аудандық полиция бөлімдерінің жеке құрамымен кездесті.
Амиржан Сермаханұлының бастамасымен өткізілген жиында бөлім басшылары 2023 жылдың 3 айында атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Жалпы, облысымыздың бұл екі ауданында қылмыстық ахуал тұрақты. Жасөспірімдер қылмыстылығының профилактикасы ерекше бақылауда. Кәмелетке толмағандар тарапынан және оларға қатысты заңсыз әрекеттерді болдырмау және оларды ескерту бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.
Кездесу барысында жыл басынан атқарылған жұмыс нәтижесі және жеке құрам арасындағы тәртіп пен заңдылықтың сақталу мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, аталмыш кездесу барысында полиция қызметкерлерін әлеуметтік қолдау мәселесі де қозғалды. Облыс әкімінің қолдауымен биылғы жылы полиция қызметкерлерінің жалақысы артты. Жалақысы көтеріліп, жағдайы түзелген қызметкердің жемқорлыққа бармайтыны анық. Кадрлық мәселелер, оның ішінде кезекті еңбек демалысы, шендерді иелену сынды сұрақтардың барлығы электронды форматта қаралатындығы да айтылды. Мұның барлығы полиция қатарында сыбайлас жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеушілік деңгейіне көтерілуге әсер етпек.
Бұдан бөлек, аудандардағы жанар-жағармай материалдарының электронды карточкалық жүйеге көшіп, оны дұрыс пайдалану мәселесі де қозғалды.
Тұрғын үйге мұқтаж қызметкерлерді қамтамасыз ету мәселесі әрдайым өзекті. Бұл ретте департамент бастығының орынбасары полиция полковнигі Утегенов Амиржан Сермаханұлы мұндай қызметкерлердің тұрғын үй жалдауға арналған төлемдермен қамтамасыз етіліп отырғандығын айтып өтті. Сондай – ақ, полиция қызметкерлерімен Қазақстан Республикасы Еңбек кодексі талаптарының қатаң сақталу қажеттігі де айтылды.
Амиржан Сермаханұлы қызметкерлердің ата – аналарымен және жұбайларымен тұрақты кездесулер өткізуі, ардагерлердің тәлімгерлігі полиция қатарында қандай да бір олқылықтардың алдын алатындығын да баса айтты.
«Жаңа Қазақстан – жаңа бағыт, жаңа міндет. Оған қол жеткізу үшін әрбір азамат өз саласында сапалы еңбек етуге тиіс. Мәселен, «полиция – халыққа жақын болу қажет» деген қағида күн тәртібінен түспейді. Өзімізге жүктелген үлкен жауапкершілік пен тапсырмаларды жүзеге асыру жолында жоспарлы жұмыстар жүргізудеміз. Осы бағытта полиция қызметкерлері мен қарапайым халықтың арасындағы қарым-қатынасты нығайта беру басты міндеттеріміздің бірі. Полиция үшін ең маңыздысы – ел сенімі. Ішкі істер органдарындағы жаңару жолдары өз жемісін беретіндігіне сеніміміз мол» деді Амиржан Сермаханұлы.

БӨЛІСУ