Ассамблеяның осы сессиясында бүтін халқымыз үшін терең дүниелер көтерілді. Осы тұста біз қазақ халқы деп төлқұжатына қарамай, ұлан-ғайыр атырапта тұратын, елдің төл дәстүрімен сусындап өскен, оның болмысы мен дүниесін бойына сіңірген азаматтарды айтамыз.
Мұны Мемлекет басшысы да атап өтті. Яғни біз этнос ұғымынан әлдеқайда жоғары ұлт ұғымына бірігеміз. Жаңа дәуірге қадам басқан Қазақстанның болашағын бірге құруымыз керек. Шын мәнісінде, Ассамблеяның ең басты мақсаты – халықтың бірлігі мен татулығын қамтамасыз ету және өзара мәдениетаралық байланыста ұлт негіздерін нығайту.
Ассамблея – қайталанбас ерекше институт. Ол мемлекеттік не этносаралық қарым-қатынастарды реттейтін уәкілетті орган емес. Бұл – консультативті орган. Яғни Ассамблея өзінің іс-әрекеттері арқылы азаматтардың сана-сезіміне, оларға мемлекетқұраушы болмысты енгізуге ықпалдасатын бірден-бір орта.
Жиынның бірінші күні бұл мәселелер жан-жақты талқыланды. Мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы көп айтылды. Басқа этнос өкілдері тарапынан «білім беру ошақтары, әсіресе балабақша мен мектеп қазақ тілінде оқытуды жүйелесе» деген тезистер айтылды. Демек бұл олар үшін қазақ тілінің маңызды екенін көрсетеді.
Қоғамда «Ассамблея тек басқа этносқа керек» деген пікірлер айтылып қалады. Бұл – қате ұғым. Ассамблея бәрімізге де керек. Ол татулықты, мәдениетаралық байланысты, бір-біріміздің құқықтарымыз бен ерекшеліктерімізді құрметтеуге көмектеседі. Консультативті орган еліміздегі диаспора өкілдерінің қазақ тілін үйренуге деген ынтасын арттырып, нәтиже шығарады. Ассамблеяның Президент айқындап кеткен басты бір бағыты – барлық этносты қазақ ұлтының аясына ұйыстыру.
Индира РЫСТИНА,
Қазақстан халқы
Ассамблеясы Хатшылығы
меңгерушісінің орынбасары