МЖӘ туралы заң қабылданған сәттен Қазақстанда 2 трлн теңгеден астам сомаға жобалар жүзеге асырылған.
Басқарма төрағасының айтуынша, МЖӘ туралы заң қабылданған сәттен бастап елімізде құны 2 трлн теңгеден асатын мыңнан аса жоба жүзеге асырылған. Сол жобалардың арқасында елге жеке инвестициялар тартылды. Қазір мемлекет пен бизнес арасындағы жоба тәуекелдері бөлінуде. Жеке инвестор нысанды тиімді басқаруды қамтамасыз етуде.
«Өткен жылы біздің орталық Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп Президенттің МЖӘ туралы заңды жаңарту тапсырмасына сәйкес жекеше әріптесті анықтау кезінде конкурстық рәсімдерді міндетті қолдануды, олардың ашықтығын, бизнеске жағдай жасауды, жобалардың тиімділігін арттыруды қамтамасыз ететін түзетулер қабылдады», – деді С. Сағындықов.
Журналистің мемлекеттік сатып алу мен МЖӘ-нің қайсының тиімдірек болатыны туралы сұрағына жауап бере отырып, С. Сағындықов бұл ретте олардың құнын ескеру қажет екенін айтты. Өйткені бюджетті инвестициялық жобадағы негізгі шығын – құрылыс құны ғана. Ал МЖӘ жобасында жоба құнына бүкіл мерзімге көзделген шығындар – құрылыс, жабдықтау, пайдалану шығындары, осының барлығы есептеледі.
«Сонымен қоса, банктен тартылатын қаражат көлемі есептеледі, себебі, жеке серіктестік компания ақшаны 21%-бен алады, бұл жоба құнына әсер етеді. Ал қаражатты бюджеттен алғанда ондай мәселе жоқ», – деді спикер.
«Мемлекет басшысы 19 сәуірде өткен кеңесте Ұлттық қор қаражатын үнемді пайдалану мәселесін алға тартты. Осындайда МЖӘ – бюджеттен тыс қаражат көзін тартудағы таптырмас құралы. Бірақ бұл тетікті сәтті іске асыру үшін үш маңызды сұрақ шешімін табуы қажет: ашық, жетік әрі түсінікті заңнаманың болуы, білікті, тәжірибелі мамандардың болуы және жобалардың ашық жоспарланып, бәсекелі конкурс арқылы іске асуы», – деді басқарушы директор.
Қазіргі таңда Қазақстанның бұған барлық мүмкіндіктері бар: ТМД-ның басқа елдерімен салыстырғанда әлдеқайда ертерек қабылданып, уақыт сынынан өткен заңнама және жобаларды іске асыруға атсалысып жүрген білікті мамандар.
Қазақстандық МЖӘ орталығының бастамасымен соңғы бір жылда Еуропа және Азия даму банктерінің қолдауымен 37 маман халықаралық дәрежеде мойындалған Ұлыбритания бағдарламасын аяқтаған. Спикер олардың ішінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері бар екенін айтты.
Ал жобаларды тиісті дәрежеде жоспарлап, іске асыру үшін халықтың мүддесі мен жеке тараптың, яғни нарықтың көзқарасын білу қажет. Ол үшін мемлекет пен аталған тараптар арасында ашық алаң орын алуы тиіс.
«Осы мақсатта өткен жылдың желтоқсан айында МЖӘ заңнамасына ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігі қағидасы енгізілді. Яғни, жоспардағы жобаларға іске асыру процестері туралы ақпаратқа ашық қол жеткізу мүмкіндігі қарастырылған. Осы қағиданы іске асыру аясында соңғы он ай ішінде цифрландыруға қатысты үлкен жұмыс атқарылды», – деді А. Көбетов.
Біріншіден, үкімет әзірлеп жатқан инвестициялық жобалардың ақпараттық жүйесі аясында жеке МЖӘ бойынша модуль құру. Оның негізіне бұған дейін қағаз түрінде жоспарланып келген барлық жобалар енді ақпараттық жүйені қолдану арқылы жоспарланып іске асырылатын болады. Бұл өз кезегінде бұған дейін болмаған біртұтас мемлекеттік инвестициялық жобалар базасын құрып, келешекте жобаларды іске асыру тетіктерін таңдаған кезде бюджеттік тиімділік тұрғысынан шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Екіншіден, Азия даму банкінің қолдауымен Қазақстанда халықаралық деңгейдегі МЖӘ Source ақпараттық жүйесін енгізу. Негізгі мақсат – жоспардағы жобаларды, олардың даму сатысын ашық түсінікті және бірыңғай түрде көрсету арқылы елімізге инвестициялар тарту.
Үшіншіден, конкурстық рәсімдерді өткізуге бағытталған жаңа портал құру. Мамыр айынан бастап 5 пилоттық өңір осы порталды қолданатын болады. Ал қыркүйек айынан бұл тәжірибе бүкіл республикада қолданылады. Бұл жоспарлау процесін қысқартуға, инвесторларды тарту мәселесінің ашық әрі объективті өтуіне, жемқорлықты болдырмауға мүмкіндік береді, деп түйіндеді орталық директоры.
Спикердің айтуынша, МЖӘ туралы заңнамаға толықтырулар әзірлеу кезінде жоспарлау тәсілдері қайта қаралды. Енді орталық және жергілікті атқарушы органдар жыл сайын МЖӘ тетігі арқылы жобаларды іске асыру жөніндегі ұсыныстарды қалыптастыру үшін әлеуметтік-экономикалық міндеттердің тізбесін бекітуі тиіс. Бұл тізбе орталықтың порталында орналастырылатын болады.
Жаңартылған заңнамада мемлекеттік сатып алуды МЖӘ арқылы сыбайлас жемқорлықпен айналып өту тәуекелдерін жоюға ерекше назар аударылды. Бұл МЖӘ-нің қосымша белгісін – жобада инвестициялық және пайдалану кезеңдерінің міндетті түрде болуын бекіту арқылы қамтамасыз етіледі.
«Яғни, мемлекеттік қолдау шаралары ұзақ мерзімге жеке серіктес объектіні салуға немесе жаңғыртуға инвестиция салған, сондай-ақ одан әрі оны пайдаланатын және осы объектіде қызмет көрсететін жағдайда ғана ұсынылады», – деді АҚ басқарма төрағасы.
Бұл ретте спикер МЖӘ жобасындағы жеке серіктес қымбаттау, аяқталмаған құрылыс тәуекелдерін өз мойнына алатынын, ал төлемдер жоба дайын болған жағдайда ғана басталатынын еске салды.
«Жеке меншігінде объектілері бар сервистік келісімшарт шеңберінде жеке серіктес МЖӘ-нің басқа жобаларындағыдай серіктеске мемлекет қойған тиімділік критерийлеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін жоба шеңберінде инвестициялар құюға, өз мүлкін салуға немесе жақсартуға міндетті. Осылайша, объект оның жеке меншігінде қалады, ал мемлекет жеке әріптесінен сапалы қызметтерді сатып алады», – деді АҚ басшысы.
Халықаралық тәжірибені ескере отырып, заңнамада жеке бастаманы іске асырудың екі әдісі қарастырылған: конкурс арқылы және тікелей келіссөз арқылы. Жеке бастама жағдайында жеке инвестор жобаны дербес әзірлеп, оны мемлекетке ұсына алады. Келісу сараптамалары жүргізілгеннен кейін ашық конкурс өткізіледі.
Тікелей келіссөздер Үкіметтің шешімі негізінде бірегей объектіні және технологиялар трансфертін құруды көздейтін жобалар бойынша ғана жүргізілетін болады.
«МЖӘ нарығын жандандыру әлеуметтік салада МЖӘ кешенді бағдарламасын дайындау және іске асыру жолымен жоспарлануда. Заңнамалық жұмыс МЖӘ тиімділігін арттыруға, инвесторларды тартуға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді басқарма төрағасы.
МЖӘ орталығының өкілі атап өткендей, 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша МЖӘ шарттары мен концессияларының 1080 жобасы іске асырылды, оның ішінде 15-і республикалық және 1068-і жергілікті ауқымда. Бұл жобалардың жалпы құны 2,1 трлн теңгені құрайды.
«Осы жобалар бойынша тартылған инвестициялар көлемі 1 трлн теңгеден асады. 15 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды», – деді спикер.
МЖӘ жобалары іске асырылатын негізгі секторлар білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қызметтер, энергетика, ТКШ, көлік инфрақұрылымы және басқа да бағыттар болып табылады.
«Қазіргі уақытта конкурстық құжаттаманы жоспарлау және дайындау сатысында жалпы сомасы 340 млрд теңгеге 152 жоба тұр», – деді орталық өкілі.
Оның айтуынша, орталық жыл сайын Ұлттық экономика министрлігінің тапсырысы бойынша МЖӘ жобаларының іске асырылуына бағалау жүргізеді. Бағалау қорытындысы бойынша МЖӘ саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар қалыптастырылады.
2022 жылдың қорытындысы бойынша орталық МЖӘ-нің 523 жобасын іске асыруға бағалау жүргізді. Сондай-ақ, осы жобаларды іске асырудан әлеуметтік-экономикалық тиімділікті бағалау, орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерін оқыту жүргізіледі.
«Біз тек ұсыныстар беріп қана қоймай, практикалық тәжірибелерімізбен де бөлісеміз», – деді спикер.
Айтылғандарды растай келе, ол бірқатар мысал келтірді. Атап айтқанда, МЖӘ-нің ең ірі жобаларының бірі оңтүстік астанадағы көлік ағынын азайтуға, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің көлік ағынын Алматыны айналып өткізуге бағыттауға арналған Үлкен Алматы айналма жолы болып табылады.
«Білім беру саласындағы МЖӘ 60 мыңға жуық оқушы орнының тапшылығын жабуға мүмкіндік берді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жобаларды одан әрі іске асыру жүріп жатыр. Мәселен, 10 мыңға жуық бала МЖӘ жобаларын іске асыру аясында балабақшаларға баруға мүмкіндік алды», – деді Орталық өкілі.
Оның айтуынша, денсаулық сақтау саласында МЖӘ 100-ден астам жоғары технологиялық жабдықты орнатуға мүмкіндік берді, нәтижесінде 400 мыңнан астам медициналық зерттеулер жүргізілді, 1,7 млн пациент медициналық қызметтерге қол жеткізді. Спорттық нысандар бойынша нақты мысалдар бар.
МЖӘ мүмкіндігі шектеулі жандарға да көңіл бөледі. Мәселен, Астанада паралимпиадалық спортты дамыту жобасы құрылды. 2019 жылдан бастап осы мақсатта салынған орталыққа жыл сайын 120 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан келеді.
«Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі бюджетке түсетін жүктемені азайтуға, жеке секторды ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа тартуға мүмкіндік береді», – деді Мұхамед Кабульдинов.