Облыстық сотта азаматтық құқық және процесс секциясы бойынша семинар сабағы өтті.

Бүгін Қызылорда облыстық сотында аймақтық оқу орталығының ұйымдастыруымен судьялар арасында семинар сабағы өтті.
Шараға облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьялары, қалалық соттың және экономикалық соттардың төрағалары мен судьялары, ал аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары бейнебайланыс арқылы қатысты.
Облыстық сот судьясы, аймақтық оқу орталығының үйлестірушісі Н.Қосанов семинар сабағын ашып, күн тәртібімен таныстырды.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы А.Әбілқайысқызы «Авторлық құқық және сабақтас құқықтарды қорғау жөніндегі заңнаманың кейбір нормаларын соттардың қолдануы» бойынша баяндама жасады. Ол өз баяндамасында қолданыстағы заң нормалары бойынша автордың мүліктік (айрықша) құқығын қорғау мерзімінің өтуі туындының қоғамдық игілікке айналатынын, ал ол кезде оны кез келген адам авторлық сыйақы төлемей,автор есімінің құқығы мен оның беделін қорғау құқығын сақтай отырып пайдалана алатындығын тілге тиек етті. Сонымен қатар мұндай авторлық немесе сабақтас құқықтарды қорғауға қатысты істер бойынша талап қоюшылар мемлекеттік баж төлеуден босатылатындығын айтып өтті.
Мұнан соң облыстық сот судьясы Н.Қосанов 2023 жылғы 27 наурыздағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне процестік заңнаманы жетілдіру және сот жүйесін реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы бойынша түсіндірмелер беріп өтті.
Семинар сабақ соңында қатысушылар көтерілген тақырыптар төңірегінде өзара пікір алмасып, сот істерін қарау барысындағы тәжірибелерімен бөлісті.

Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі

БӨЛІСУ