Әрбір халықтың біртұтас ұлт ретінде сақталуы мен дамуының өзіндік айқын ерекшелігі, басты белгісі болады. Күллі Қазақстан халқының ұлт ретінде ұйысуы мен болашақта дамуының басты тірегі – оның қасиетті тілі. Сондықтан да ұлы дала ойшылдары Әл-Фараби, Қорқыт ата, Ж.Баласағұни, М.Қашқари, А.Йассауилерден бастап Абай, А.Байтұрсынұлы, Б.Момышұлы, бүгінгі президентіміз Қ.Тоқаевқа дейін тілдің ұлтты сақтайтын, біріктіретін бірден бір идеология екенін айтып келеді.
Осы ойды, осы идеяны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде тағы да нақтылап түсіндіріп берді. Ол өз сөзінде: «Барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болып қала береді. Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек», – деген тұжырым жасады.
Мемлекет басшысы ел халқының ана тілі мен мемлекеттік тілді меңгеруіне қатысты ойын былайша сабақтайды: «Қазақ тіліне сұраныс артқанда ғана ол көпшілік кең қолданатын тіл болады. Түптеп келгенде, бірнеше тіл білу – әр адамның мәдениеттілігінің белгісі. Ал мемлекеттік тілді, әсіресе ана тілін, яғни қазақ тілін білу – қандай да бір азаматтың мәдени өресі, азаматтық жауапкершілігі қаншалықты биік екенін білдіреді. Сондай-ақ қаншалықты патриот екенін көрсетеді». Мұны елдегі қазіргі жүргізіліп жатқан тіл саясатының болашақтағы бағыт-бағдарын айқындауда негізге алатын қағида деп айтуға болады.

АМАН АБАСИЛОВ

ҒАЛЫМ

БӨЛІСУ