Инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі өзектендірілген шаралар кешені бес бағыт бойынша жүзеге асырылатын болады.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2023-2024 жылдарға арналған инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі өзектендірілген шаралар кешені қаралды. Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин, ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев баяндама жасады.

ҚР ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 2022 жыл ішінде Қазақстан экономикасы инфляциялық қысымның өсуі жағдайында жұмысын жалғастырды, жыл соңына қарай инфляция шарықтау шегіне жетіп, 20,3%-ды құрағанын мәлімдеді.

Инфляцияның өсуіне ішкі және сыртқы нарықтардағы тауарларға сұраныстың артуы, сондай-ақ мигранттар ағынына байланысты тауар тапшылығы себеп болды.

Инфляцияның жеделдетілуіне негізінен азық-түлік өнімдері, соның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары әсер етуде.

2023 жылдың негізгі трендтері ретінде:

  • жаһандық инфляцияның орташа жылдық деңгейінің 2022 жылғы 8,8%-дан 2023 жылғы 6,6%-ға дейін төмендеуін;
  • экономиканың жаһандық өсімің жартысына жуығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін Қытай нарығының ашылуын;
  • инфляциямен күресу үшін орталық банктердің базалық мөлшерлемелерін көтеруін;
  • жаһандық жеткізу тізбегіндегі кедергілердің әлсіреуін;
  • сондай-ақ, геосаяси шиеленістің сақталуын атап өтуге болады.

Бекітілген Кешенді жоспар 67 іс-шарадан тұрады, оның 20-сы орындалды, 47 іс-шараны жүзеге асыру 2023 және 2024 жылдары жалғасады.

Шаралар кешенін өзектендіру аясында Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, негізінен өнім өндіру көлемін ұлғайтуға бағытталған 46 жаңа шара әзірледі.
«Үкімет өз алдына инфляцияны мақсатты дәліз шекарасында ұстап тұру және тауарлар тапшылығына жол бермеу міндетін қойып отыр. Өзектендірілген шаралар кешені 5 бағыт бойынша іске асырылатын болады және өнім өндіру көлемін ұлғайтуды, тауарларды сақтау, логистика, тауарлармен бөлшек сауда саласындағы шараларды, баға белгілеуді бақылауды, монополияға қарсы және сыртқы сауданы реттеуді, сондай-ақ жүйелі шараларды көздейтін жедел және орта мерзімді сипаттағы 93 іс-шарадан тұрады», — деп хабарлады А.Қуантыров.

Шаралар Кешенінің бірінші бағыты – «Өнім өндіру көлемін ұлғайту». Бұл бағыт тікелей сатып алудан ӘКК мен АШТӨ арасында форвардтық шарттар жасасуға көшу бөлігінде тұрақтандыру қорларының жұмысын қайта форматтау жөніндегі шараларды қамтиды. Бұдан басқа, осы жылы 17 мың жеңілдетілген микрокредит беріп, 18 мың жұмыс орнын құра отырып, “Ауыл аманаты” ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны іске асыру басталады.

Жаңа сүт-тауарлы фермаларды құру және жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту бойынша 24 жобаны жеңілдетілген қаржыландыру жолымен Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі қолданылады.

Ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында құрылыс материалдарын, жеңіл, химия және фармацевтика өнеркәсібі тауарларын өндіру бойынша импортты алмастыратын жобаларды іске асыру жалғастырылады.

Сондай-ақ, ағымдағы жылы құс етін өндіру бойынша 19 жобаны және ет өнімдерін өңдеу бойынша 17 жобаны іске асыру басталады, бұл 249 мың тонна құс етін және 31,6 мың тонна ет өнімдерін өндіруге мүмкіндік береді.

«Сақтау, логистика және көлік» – бұл картоп пен көкөністерді сақтау бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру көздейтін Шаралар кешенінің екінші бағыты.

Ұлттық экономика министрі атап өткендей, маусымаралық кезеңде тиімді тауар интервенцияларын жүргізу үшін тұрақтандыру қорларының жүктемесін қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Азық-түлік корпорациясы қайта өңдеу кәсіпорындарына одан әрі сату үшін шикізат сатып алуды жүзеге асыратын болады.

Транзиттік ағындардың географиясын кеңейту мақсатында жаңа көлік маршруттары пысықталып, автомобиль көлігімен отандық жүк тасымалдаушылардың үлесі 30-дан 50%-ға дейін ұлғайтылатын болады.

Үшінші бағыт – «Тауарлардың бөлшек саудасы». Сауда үстемесін бақылау фискалдық деректер операторларының электрондық шот-фактуралардың деректерін пайдалануы және өңірлік комиссиялардың тиімді қызметін қамтамасыз ету арқылы өнімсіз делдалдарды анықтау жолымен жүзеге асырылатын болады.

Ірі өндірушілер мен сауда желілері арасында ӘМАТ бағаларын төмендету және ұстап тұру, апта сайынғы ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу туралы келісімдер жасасу жөніндегі жұмыс жалғасады.

«KazTrade» АҚ базасында Бағаларды талдау және болжау жөніндегі ахуалдық орталық құрылады, бұл бағалардың өсу тәуекелінің факторларын анықтауға және тиісінше алдын алу сипатындағы шараларды қабылдауға мүмкіндік береді.

«Баға белгілеуді бақылау, монополияға қарсы және сыртқы сауданы реттеу» – Шаралар кешенінің төртінші бағыты.

Аталған бағыт шеңберінде әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының, жанар-жағар май, көмір мен дәрі-дәрмектер бағасын тұрақтандыру шаралары көзделген.

Бұл ретте әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының 15% сауда үстемесінің сақталуын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі заңнамалық функцияны толыққанды іске асыруды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жалғастырылады, сонымен қатар әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары бағаларына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Қажет болған жағдайда жедел ден қою шаралары (тауарлар, шикізат экспортына тыйым салу мен квоталар және т.б.) қабылданатын болады.

Табиғи монополиялар субъектілері жүргізетін сатып алу рәсімінің ашықтығын және олардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған заңнамалық түзетулер қабылданатын болады.

Бесінші бағыт шеңберінде баламалы деректер негізінде инфляцияға мониторинг жүргізу жоспарлануда.

Респонденттерді дәстүрлі қағаз жүзінде тексеруден цифрлық шешімдерді пайдалана отырып, компьютерлендірілген деректер жинау жүйесіне көшу жүзеге асырылады.

Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау халықтың әртүрлі санаттары үшін көрсетілетін коммуналдық қызметтер сараланған шығындарды өтеу механизмін енгізу арқылы қамтамасыз етілетін болады.
«Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды қолжетімді қаржыландыруды ұсыну, сондай-ақ біртұтас ақпараттық жүйе – «Ұлттық тауар өткізу жүйесін» құру бойынша жұмыс жалғасады», — деп толықтырды сөзін Ә. Қуантыров.

Орта және жоғары деңгейде өңдеп-жасалатын өнім шығару мақсатында ішкі нарық қажеттілігі үшін ел аумағында жеңілдікпен өндіріліп шығарылатын негізгі материалдарды жеткізу қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, жоғары деңгейде өңдеп-жасалатын тауарларға бас назар аудара отырып, экспорттаушыларды қолдау шаралары қайта қаралады.

Қазақстан Республикасы Үкіметі өзінің алдына төмендегідей мақсат қойып отыр:

  • инфляцияны нысаналы дәлізде ұстау;
  • мемлекеттік реттеу, өндірісті ұлғайту, сыртқы сауданы реттеу шараларын қолдану арқылы тауар тапшылығын болдырмау;
  • бағаны тұрақтандыру және бизнес-ахуалды, оның ішінде инвестициялық бизнес-ахуалды жақсарту.

Өз кезегінде ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев 2023-2024 жылдарға арналған инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі Шаралар кешені жобасында Министрлікке 31 іс-шараның, оның ішінде 10 жедел және 21 орта мерзімді іс-шаралардың орындалуы бекітілгенін атап өтті.

31 іс-шараның 24-і өнім өндіру көлемін ұлғайтуға, 4-еуі тауарларды сақтауға, 3-еуі жүйелі шараларға бағытталған.
«Осы жылдың басынан бері маусымаралық кезеңде өткізу үшін күзгі және ерте пісетін көкөністерді форвардтық сатып алу бөлігінде тұрақтандыру қорларының жұмысы қайта форматталды. Қайта өңдеу кәсіпорындары үшін (қант, жарма және май зауыттары) шикізатты сатып алуға айналым қаражатын беру енгізілуде. Мемлекеттік қолдау және арзандатылған бидай өткізу тетіктері арқылы қаржыландыру пысықталуда (макарон өнімдері, нан, сүт пен сүт өнімдері, сиыр еті, тауық еті мен жұмыртқа). Шағын және орта шаруашылықтарға субсидиялардың ашықтығын, қолжетімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және субсидия алушылар үшін қарсы міндеттемелерді енгізуге бағытталған АӨК субсидиялау жүйесін реформалау аяқталды. Жаңа субсидиялау қағидаларының жобаларын келісу рәсімі аяқталуда», — деп түсіндірді Е. Қарашөкеев.

Ерте пісетін көкөністердің егіс алқаптарын ұлғайтуға келетін болсақ, биыл тиісті жұмыстар жүргізілді, мәселен жергілікті атқарушы органдардың (ЖАО) мәліметтері бойынша егіс алқаптарының құрылымы қалыптастырылды, онда ерте пісетін картоптың ауданы 10,6 мың гектарға дейін, қырыққабат 8,3 мың гектарға дейін, сәбіз 2,2 мың гектарға дейін, пияз 3,3 мың гектарға дейін ұлғайтылды.

800 мың тонна көлемінде астықты форвардтық сатып алуды жүзеге асыру үшін Азық-түлік корпорациясының жарғылық капиталын ұлғайтуға республикалық бюджеттен 70 млрд теңге бөлу бойынша жұмыс жүргізілуде. Қаржы экономикалық негіздеме (ҚЭН) және Мемлекеттік инвестициялық ұсыныс (МИҰ) әзірленді, сондай-ақ қаржыландырудың бұл түрі Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың тұжырымдамасына енгізілді.

АӨК өнімін өндіру көлемін ұлғайту үшін жылына қуаттылығы 57,6 мың мал басына есептелген, 373 мың тонна сүт өндіретін 65 тауарлы-сүт фермасын іске қосу, тәулігіне 1000 тонна майлы тұқымдарды қайта өңдеу қуаттылығымен май экстракциялау зауытын және көкөніс өсіру бойынша қуаттылығы 6,4 мың тонна жылыжай кешенін салу (томат), құс етін өндіру бойынша 10 жоба және ет өнімдерін қайта өңдеу бойынша 8 жобаны енгізу жоспарлануда.

Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, тұрақтандыру қорларының жүктемесін қамтамасыз ету үшін олардың жұмыс істеу принципі қайта қаралған. Мәселен, әкімдіктер өңірдің қажеттілігін өңірлік сұраныс негізінде халықтың (қалалық және жалпы) 3 айлық қажеттілігінің 50%-на дейін айқындайды. ӘКК АШТӨ-де өнімді сату басталғанға дейін көкөністерді сақтау шартымен форвардтық сатып алуды жүзеге асырады.

«Айналым схемасын» әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілерге қайта форматтау көзделеді, яғни қаржыландырудың 70 (жетпіс) пайызы ауылшаруашылық тауарөндірушілері мен қайта өңдеу кәсіпорындарына бөлінеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес азық-түлік тауарларын сатып алу және араласу үшін Азық-түлік келісімшарт корпорациясының ӘКК тұрақтандыру қорларымен жұмысын үйлестіруді күшейту мәселесі пысықталуда.

«Бірқатар орта мерзімді іс-шаралар бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. «Ауыл Аманаты» ауыл тұрғындарының табысын арттыру жобасын іске асыру басталды. Биылға 100 млрд теңге қарастырылған, бұл ауыл халқына 2,5%-бен 17 мыңнан астам жеңілдетілген шағын несие беруге және ауылда 18 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», — деді Е.Қарашөкеев.

Шағын несиелеуден басқа, АӨК саласындағы ірі инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша Солтүстік Қазақстан облысының табысты тәжірибесін тарату жоспарлануда. Осы бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджет қаражатынан 100 млрд теңге сомасында бюджеттік кредит бөлу мақұлданды, оның есебінен жылдық 2,5 пайызбен жоғарыда айтылған тауарлы-сүт фермаларының құрылысы қаржыландырылатын болады.

Алдағы уақытта құс еті, қарқынды суару, қоймалар, аквамәдениет (балық) бойынша инвестициялық жобалар пулын ұлғайту жоспарлануда. Қаржыландыруға қосымша қажеттілік 2024-2025 жылдарға 300 млрд теңгені құрайды.

Негізгі азық-түлік тауарлары бойынша импортты алмастыру мәселесі 2026 жылға дейін АӨК саласында жалпы сомасы 2,8 трлн теңгеге 900 инвестициялық жобаны іске асыру жолымен кешенді түрде шешіледі.

2023 жылы 536,2 млрд теңге сомасына 291 жоба енгізу жоспарланған, оның ішінде:

  • азық-түлік өнімдерін өндіру бойынша 3,9 млрд теңге сомасына 6 жоба;
  • мал шаруашылығы саласында 155,2 млрд теңге сомасына 119 жоба;
  • өсімдік шаруашылығы саласында 122,7 млрд теңге сомасына 75 жоба;
  • мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында 27,9 млрд теңге сомасына 25 жоба;
  • өсімдік өнімдерін қайта өңдеу саласында 35,9 млрд теңге сомасына 20 жоба.

2022-2025 жылдарға арналған жемшөп өндірісін дамыту жөніндегі жол картасы шеңберінде шаруашылықтардың ғылыми негізделген ауыспалы егістерді енгізуі, егіс алқаптарын әртараптандыру жоспарларын жасау, жерді жалға алу шарттарын жер заңнамасының талаптарына сәйкестігі тұрғысынан тексеру және т.б. бойынша шаралар іске асырылуда.

10 мың бас малға арналған мал шаруашылығы кешенін (сою цехы, салқындатылатын қоймалар, тоңазытқыш камералар) кейіннен етті терең өңдеумен (өнімділігі ауысымына 3000 банка болатын консерві цехы) және 8 мың бас малға арналған мал шаруашылығы кешенін (сою цехы) құру жоспарлануда.

2022 жылы Азық-түлік корпорациясы 930 мың тонна бидай мен 10,5 мың тонна күнбағыс сатып алды. Осы жылы 230 мың тонна бидай мен 7,6 мың тонна күнбағыс сатып алу жоспарлануда.

Жалпы, АШМ басшысы атап өткендей, картоп пен көкөністерді сақтау бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша 2023 жылдың соңына дейін 111,5 мың тонна өнімге арналған 29 жоба енгізу жоспарланған.

Министрлік сақтау қоймаларымен қамтамасыз етудің нақты жағдайын анықтау үшін Сауда және интеграция министрлігімен және облыстар әкімдіктерімен бірлесіп барлық көкөніс қоймаларына санаттар бойынша (тоңазтқыштардың болуы, сақтауға жарамды, сақтауға жарамсыз өнімдерді жасанды немесе табиғи желдеткіштер) жіктеп тексеру жүргізілетін болады, оның қорытындысы бойынша 2023-2025 жылдарға арналған қоймаларды салу, ұлғайту бойынша жоспарлар қайта қаралатын болады.

«Осы кешенді жоспардың инвестициялық жобаларына келетін болсақ, оларды іске асыру облыс әкімдіктерімен бірге Индустрияландырудың бірыңғай картасы шеңберінде жоспарланған. Бұл мақсары майы мен қызанақ шырынын өндіруді, томат пастасы бойынша зауыттар салу, көкөніс өсіруге арналған жылыжай салу, тікелей сығымдалған шырындар өндірісін ұйымдастырумен жеміс сақтау қоймасын салу, инновациялық кондитерлік фабрика салу, ет өңдеу кешені мен бордақылау алаңын салу, құс етін өндіру және етті қайта өңдеу сияқты жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Осы инвестициялық жобалар бойынша жер учаскелерін анықтау, инженерлік желілерді жүргізу және т.б. бөлігінде жұмыс жүргізілуде. Бұл ретте инвестициялық жобалар пулы 2024-2025 жылдарға арналған СҚО тәжірибесін тарату жөніндегі жобаны қаржыландыру көлемі нақтыланғаннан кейін ұлғаю жағына қарай қайта қаралатын болады», — деді Е. Қарашөкеев.

Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы өндірістен бастап сатуға дейінгі бүкіл тізбек бойынша жүруді және өнімнің қымбаттауына не әкелетінін түсінуді тапсырғанын атап өтті.
«Соңғы 6 аптада ол 0,1%-дан аспады және жыл басынан бері 3,4%-ды құрады, дегенмен соңғы 5 жылда орташа есеппен 6,4% -. құрады. Сәуір айының қорытындысы бойынша күтілетін инфляция деңгейі шамамен 1,8% құрайды (жыл басынан бері 5,1%). Бұл Үкіметтің бағаны ұстап тұру мәселесіне бағытталған іс-қимылының нәтижесі», — деді С.Жұманғарин.

Бірінші, маусымаралық кезеңде қалыптасқан көкөніс қорларын мақсатты шығару керек.

Ағымдағы маусымаралық кезеңде 139,5 мың тонна өнім қалыптастырылды, бүгінде 58,4 мың тонна, оның ішінде картоп 27,5 мың тонна, сәбіз 11 мың тонна, пияз 10 мың тонна, қырыққабат 9,9 мың тонна сатылды.
«Қазір 2024 жылдың маусымаралық кезеңдеріндегі маусымдық ауытқуларды тегістеу үшін биылғы күзгі егін жинау науқанына келісімшарт жасау жұмыстары жалғасуда. Осы мақсатта қазірдің өзінде 100 мың тоннаға жуық көкөніс өнімдері қалыптастырылды», — деді С. Жұманғарин.

Екінші, жергілікті жерлерде өнімсіз делдалдар бойынша жұмысты жандандыру керек. 1389 тізбек бойынша ЭШФ талдауы жүргізілді, оның 389-ынан заңнаманы бұзушылық тәуекелдері анықталды.

Үшінші, сауда желілерімен және өндірушілермен тығыз жұмыс жүргізу керек.

Төртінші, айналым схемасын қаржыландыруды өндірушілерге қайта бағыттау қажет.

Сонымен қатар, инфляцияны 2022 жылғы деңгеймен салыстырғанда 2 есе қысқарту міндеті тұр. Осы міндетті орындау үшін әзірленген шаралар кешені шеңберінде мыналар жоспарлануда:

Біріншіден, тауар балансын қалыптастыру жолымен нарықтың қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізуді жалғастыру қажет. Бүгінгі таңда бұл құрал ішкі нарықты қорғау бойынша уақтылы шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Осылайша, құралдың деректері негізінде 28 қаңтардан бастап пияз экспортына тыйым салынды, ол 8 сәуірде қайта қаралып, экспорттық квота белгіленді.

Екіншіден, қант зауыттарын қаржыландыру мысалында да, форвардтық шарттар жасасу арқылы да бағаны тұрақтандырудың барлық тетіктері бойынша қаржыландыруды жергілікті өндірушілерге басымдықпен ұсыну арқылы жергілікті тауар өндірушілерді қолдау күшейтілетін болады.

Бүгінгі таңда бөлінген ақшаға қант зауыттары өндірістік қуаттардың жүктелуін қамтамасыз ету және елдің ішкі нарығын отандық өндірістің қантымен қамтамасыз ету үшін шикі қантты сатып алуды жүзеге асырады. Қорландырудың жалпы сомасы 23,3 млрд теңгені құрайды. Болашақта бұл осы өнімдегі импортқа тәуелділікті төмендетуге және 2022 жылдың көктеміндегідей көрші елдер тарапынан экспортқа тыйым салудың енгізілуіне байланысты қалыптасқан жағдайға жол бермеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, өндірушілер үшін қолайлы жағдайлар жасау және дайын өнімнің өзіндік құнын төмендету үшін ӘМАТ өндірушілері үшін салық жүктемесін және есептілікті азайту мәселесі пысықталуда.

Шаралар кешені шеңберінде отандық жаңа тауар өндірушілерді ішкі нарықта ілгерілету және тұрмыстық химия мен жоғары инфляция байқалатын басқа да тауарларды жеткізу бойынша жаңа маршруттарды пысықтау мақсатында оларды акселерациялау бағдарламасын құру ұсынылды.
«Үшіншіден, фискалдық деректер мен электрондық шот-фактуралар операторларының деректерін талдау арқылы тиімсіз делдалдарды анықтауды және жоюды белсенді жалғастырамыз», — деп түйіндеді сөзін С. Жұманғарин.

БӨЛІСУ