Қазақстанда мемлекеттік тілде зияткерлік ойындарды дамытуға арналған «Aqyl Battle» клубы құрылды.
Шын мәнінде бұл зияткерлік жаңа қозғалыс еліміздегі жастардың бойында білім алу, өз бетімен жұмыс істеу, өзін-өзі дамыту сияқты өмірлік қағидаттарды қалыптастыратын болады.
«Aqyl Battle cup» аясында біз quiz-ді жақсы көретін, оны өз қалалары мен клубтарында ойнайтын және өз күшін республикалық деңгейде сынап көргісі келетін жастарды біріктіргіміз келеді. Жыл бойы біз Қазақстанның барлық өңірлерін қамтимыз. Онлайн форматта әр аймақтағы ең интеллектуал жастарды анықтаймыз. Содан кейін ең үздіктері өз қалаларында офлайн ойындарда сайысқа түседі», – деп нақтылады вице-министр ойын жайлы.
Ойын жеңімпаздары жыл соңында Астана қаласында өтетін үлкен финалда бақ сынасады. Онда республикамыздың түкпір-түкпірінен келген жеңімпаздар қатысады.
«Aqyl Battle cup» республикалық quiz ойындарын жүйелі іске асыру арқылы жобаны халықаралық деңгейге шығарып, бауырлас түркі мемлекеттерімен бірлесіп ортақ лига құру жоспарда бар. Қазіргі таңда жоба еліміздің қоғамдық сала өкілдері, жастар ойындарының жетекшілері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары тарапынан қолдау табуда», – деп түйіндеді Е. Кочетов.
Қазіргі таңда «Aqyl Battle» қосымшасын шамамен 600 мыңға жуық адам жүктеп үлгерген. Қосымшадағы сұрақтардың да санаттары үнемі көбейіп отырады. Депутаттың айтуынша, ол жерде қазіргі таңда 12-15 мың аралығында сұрақ жиналған.
«Барлығы қазақ тіліндегі сұрақтар. Негізгі қойылатын бағыт-бағдар – ол өзіміздің тіліміз, мәдениетіміз, ұлттық рухани құндылығымыз, сонымен қатар технология, ІТ саласы. Соңғы уақытта мен де бұл ойынды ойнап тұрамын. Бұл жерде жол ережелеріне де қатысты сұрақтар бар. Яғни, мұның барлығы қазіргі таңда жастарды онлайн форматта жинап, бір-бірімен тілдесуіне мүмкіндік тудырып отыр», – деді Д. Мұқаев.
Ол мұндай ойындарды міндетті түрде қолдайтынын айтты. Себебі қазіргі уақытта еліміздің интеллектуалды элитасы қалыптасуға тиіс, зияткер ұрпақ тәрбиеленуі керек.
«Бұл ойынның статистикасын қарайтын болсақ, үлкен адамдар азырақ ойнайды екен. Сәйкесінше, 14-35 жас аралығындағы жастар өте көп ойнайды. Соның ішінде мектеп оқушылары және студенттер өте көп. Себебі, кейбір сұрақтар ҰБТ форматына келеді. Сондықтан бұл кәдімгі ауқымды жоба ретінде қазақ тілді ІТ саласына да үлкен жаңалық алып келді», – деді депутат.
Бұл ойынды онлайн форматта тұрақты түрде күн сайын 110 мың адам ойнап отыр. Сұрақтары да әр адамның өзінің таңдауына байланысты түрлі санатта.
«Бұл жерде жазу сауаттылығы деген де тақырыпты қойғанбыз. Орфографиялық нормалар сол сұрақтар деңгейінде қосылған, бұл халықтың жазу сауаттылығының артуына септігін тигізіп отыр», – деді Д. Мұқаев.
Оның айтуынша, «Aqyl Battle» шынымен де қазақ тілді интеллектуалды зияткерлік ойындардың бірегейі және ең ауқымдысы.
«Тіл тағдыры – ел тағдыры» деп аталатын бұл жоба мемлекеттік тіліміздің мәртебесін арттыруға жастар арасында дәріптеуге арналған жоба. Жоба аясында қор үлкен үш шараны жүзеге асырады. Біріншіден, «Тіл тағдыры» ақпараттық порталы құрылады. Сонымен қатар, өзге этнос өкілдерінің арасында шығармашылық байқау өтеді. Ал ең ірі шара – бұл «Aqyl Battle cup» республикалық зияткерлік сайысы болмақ.
«Қазірдің өзінде «Aqyl Battle» мобильді қосымшасы жастар арасында танымал. Тілімізді, тарихымызды, мәдениетімізді дәріптеп жүрген үлкен бір құралға, сондай бір жақсы мобильді қосымшаға айналды. Ендігі біздің мақсатымыз – осы шараны офлайн форматта жастар арасындағы зияткерлік сайысқа айналдыру», – деді Б. Шербаева.
«Aqyl Battle cup» негізгі үш кезеңмен жүзеге асырылады. Қор директоры ең бірінші кезеңін мамыр айынан бастап кету жоспарланып отырғанын айтты. 20 күн бойы әр өңірде онлайн турнирлер өтеді.
«Сіз «Aqyl Battle» қосымшасын телефоныңызға жүктеп алып, өз өңіріңізді таңдайсыз. Турнирге қатысасыз. Сол турнирдің ішіндегі ең үздік жоғары балл жинаған жүз қатысушы орталықта өтетін турнирге қатысатын болады. Жүз қатысушыны біз орталыққа арнайы хабарлама жіберіп шақырамыз», – деді ол.
Осы орталықта қалалардан офлайн турнирге келген қатысушылар арасында команда жасақталады. Сол командалар өз араларында бақ сынасады. Ішіндегі үздік команда Астана қаласында өтетін «Aqyl Battle cup» республикалық зияткерлік сайысына қатысады.
«Жалпы, ойынның әрбір кезеңінде бағалайтын қазылар алқасы болады. Қазылар алқасы құрамындағы қоғам қайраткерлері, Мәжіліс депутаттары және жергілікті мәслихат депутаттары, жас ғалымдар, медиа тұлғалар, жастар арасындағы танымал тұлғалар жастарға баға беретін болады. Ең соңғы шешім әділ қазылардың балл қоюымен жоғары балл жинаған команда жеңіске жетеді. Жалпы жүлде қоры 2 млн 600 мың теңгені құрайды», – деп түйіндеді Б. Шербаева.