Бүгін “26 сәуір – Чернобыль апаты зардабының салдарын жою күніне” арналған митинг өтті.
Шарада облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы  Алмасбек Есмаханов, облыстық «Чернобыль» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сансызбай Сандыбеков сөз сөйлеп, арыстар аруағы алдында бас иіп, құрбан болған азаматтардың рухына Сыр жұртшылығы атынан гүл шоқтарын қойды.
Бақилық болған бауырларымызға орталық Ақмешіт-Сырдария мешітінің бірінші наиб имамы Жақсылық Әбиұлы құран бағыштады.
Айта кетуіміз қажет, осыдан 37 жыл бұрын 1986 жылдың 26 сәуірінде Чернобыль атом электр станциясында дүниежүзіндегі ең ірі ядролық және радияциялық апат орын алып, радиоактивтік ластануға ұшырап, адамдар өміріне қауіп төнді.
145 мың шаршы шақырым жер ластанып, 5 миллионға жуық халық зардап шекті.
Сол кездегі жас жігіттер өз өміріне қауіп төнгеніне қарамастан, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып, зардап шеккен аймақтарды залалсыздандыру жұмысына он мыңдаған қазақстандық қатысты.
Апат салдарын жоюға Сыр өңірінен 800-ден астам азамат қатысты. Қазіргі таңда зұлмат апаттың куәгері болған ардагерлеріміздің 300-дейі ғана ортамызда.
Чернобыль апаты – бүкіл әлемге атом энергиясының бақылаудан шығып кетсе қандай күйге ұшырайтынын көрсетіп берді. Сонымен қатар, бұл қайғылы оқиға өз өмірлерін аямастан апаттың зардабын жоюға атсалысқан адамдардың ерік-жігері мен батырлық үлгісін де таныта алды.
Берекелі және бейбіт кезеңнің бүгінгі жас ұрпақтары сол кездегі өр кеуде, өршіл рухты батырларымыздың ерлігін ешқашан ұмытпайды.

БӨЛІСУ