Аймақта сәуір айының 18-25 күндері «Борышкер» жедел профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық Полиция Департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Айбек Құлмағамбетов мәлімдеді.
Іс-шараның басты мақсаты – әкімшілік айыппұлдарды төлемей жалтарып жүрген тұлғаларды анықтап, олардан айыппұлдарды өндіру.
– Полицияның басты міндеті – қоғамымызда құқық бұзушылықтың алдын алу. Аталған іс-шараның барысында 3592 құқық бұзушылық анықталып, тиісті айыппұлдар салынды. Алдағы уақытта жұмыстар өз жалғасын табады. Сондай-ақ биыл сәуірдің 10-нан бастап республика көлемінде заңсыз сақтаудағы атыс қаруын және оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша акция жүргізіледі. Осы жылы атыс қаруымен жасалған қылмыстар саны өткен жылмен салыстырғанда 71 пайызға төмендеген. Биылғы жылдың өзінде заңсыз 58 қару тәркіленді. Айта кететін жайт, тіркеуде жоқ атыс қаруын өз еркімен тапсырған азаматтарға қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілік тағайындалмайды. Сондай-ақ қабылданған қаруларға қаржылай сыйақы берілетін болады. Іс-шара басталған уақыттан бері 54 өтініш түсіп, 88 қару қабылданды. Азаматтарға 6 млн көлемінде қаржылай сыйақы берілді, – деді Айбек Қалдыбекұлы.
@ Өңірлік коммуникациялар қызметі