Бүгін Қызылорда облысы ҚХА Аналар кеңесі отырысына ZOOM платформасында қатыстым. Мақсат – “дәріханалық есірткі” аталып кеткен құрамында тәуелділік шақыратын заттары бар препараттардың сатылымын төмендетуге бағытталған “Жасыл сертификат” жобасын жүзеге асыру алгоритмін түсіндіру.

Ақпарат үшін – республика көлемінде 2022 жылы 129 дәріхана қатаң рецептуралы дәрілерді заңсыз сатқаны үшін әкімшілік жазаға тартылған. Қызылорданың үлесінде – 10 құқық бұзушы дәріхана бенефициары бар. Әр құрылтайшыда бірнеше дәріханадан бар екендігін ескерсек заңсыз дәрі сату сауда нүктелерінің саны әлдеқайда көп болуы мүмкін. Кейбір дәріханалар бұл бағытты “бизнес” етіп алғаны баршаға аян. Тұтынушы – тәуелділердің көбі жасөспірім балалар.

Айта кету керек, бұндай дәріні мақсатсыз, есірткі есебінде пайдаланған жастардың реабилитациясы қымбат (реабилитация орталығында айына 400-500 мың теңгеден кемі 3 ай ем-шара алуы керек, ол да толық айығуына кепілдік бермейді) әрі ұзақ. Қабылдауын тоқтатқанның өзінде қалыпты психо-моральдық өмір салтына оралуы қиын – ашушаң, тұрақсыз, ырықсыздыққа бой алдырады. Ақпарат қабылдауы, есте сақтау қабілеті қатты күйзеледі.

Жастарды осындай келеңсіздіктерден сақтауға бағытталған қоғамдық мониторинг сипатындағы бұл жобаға кез-келген немқұрайлы емес азамат өңірлік Аналар кеңесіне байланысып, қатыса алады.

Естеріңізге сала кетсем – бұл жоба барлық өңірде жергілікті МедФармбақылау Департаменттері қолдауымен Аналар кеңесімен жүзеге асырылады.

БӨЛІСУ