Бүгін, Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов, облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Наталья Мишукова, облыстық кәсіпкерлер палатасы қаржылық емес қолдау бөлімінің басшысы Алушаева Асель Арал ауданындағы іскер кәсіпкер қыз-келіншектермен кездесіп, “Мен кәсіпкер” жобасының бағыттарын түсіндіріп, “Бір ауыл – бір өнім” жобасы бойынша өндіруге болатын өнімдерді талқылады. Жиынның негізігі мақсаты ауыл өнімін брендке айналдыруға бағыт көрсету болатын.
2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында 2023 жылдан бастап республика көлемінде «Мен кәсіпкер» жобасы жүзеге асырылуда. «Мен кәсіпкер» жобасы негізгі екі бағытты, атап айтқанда «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» және «Кәсіпке бағыт» атты шағын және орта бизнес өкілдерінің кәсіпкерлік әлеуетін арттыру мақсатындағы салалық оқытулар қамтылды.
«Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» бағыты бойынша «Бір ауыл – бір өнім» жобасын жүзеге асыру жоспарланған.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы XX ғасырдың аяғында Жапон елінен бастау алған. Соңғы он жылдықта көрші Қырғыз елі де өз тәжірибесіне енгізіп, ел экономикасына айтарлықтай оң өзгерістер әкелген.
Жобаның басты міндеті – ауыл тұрғындарын кәсіпкерлік әлеуетін арттыру, яғни қолда бар жергілікті шикізатты пайдаға асыра отырып, өнім өндіру, елді мекендерде жұмыс орнын ашып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру болып табылады. «Бір ауыл – бір өнім» қазақстандық моделі өңірлерде неғұрлым перспективалы жобаларды анықтауға бағытталған.
Аталған шараның соңында аудандағы әйел кәсіпкерлер ойындағы пікірімен алмасып қонақтардан мотивация алып көңілдеріне жайлылық сыйлады.