Педагогтердің көмегіне мұқтаж балаларға психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу көрсетіледі.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамыту ҰҒПО» РММ директоры Әйгерім Кудеринова Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Қазақстанда инклюзивті білім берудің қалай дамып жатқандығы туралы айтып берді.«Психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қағидалары әзірленіп, бекітілді, оларға сәйкес арнайы жағдайлар жасалады және педагогтердің көмегіне мұқтаж барлық балалар оқу процесінде сүйемелденеді. Психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметі енгізілді», – деді спикер.
Сонымен қатар, педагогтерге практикалық көмек көрсету үшін тәжірибелі жалпы білім беретін мектептер базасында ресурстық орталықтар құрылуда. Бүгінгі таңда бұл саладағы басты мәселе – кадрлардың жетіспеушілігі болып отыр, деді РММ директоры.
Оның пікірінше, педагогтерді ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу әдістеріне оқыту жөніндегі шараларды күшейту қажет.
№83 мектеп-гимназиясы 2016 жылы ашылған. Мектепте ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін инклюзивті білім беру ортасы құрылып, дамытылуда. Бұл мектеп Астана қаласы бойынша ресурстық орталық болып табылады.
«Қазіргі таңда мектепте 120 ерекше білім беру қажеттілігі бар бала білім алуда. Олардың ерекшеліктеріне, қажеттіліктеріне байланысты 30%-ы жалпы білім беру бағдарламасы бойынша, 45%-ы бейімделген оқу бағдарламасы бойынша және 27%-ы жеке оқу бағдарламасы бойынша білім алады. Бұл жеке оқу бағдарламасы бойынша білім алатын оқушылар үшін арнайы кітап-дәптерлер қолданылады», – деді Н. Әбілқасымова.
Оның сөзінше, балалардың ойдағыдай бейімделуі, әлеуметтенуі, әр баланың мықты жақтарын дамыту үшін мектепте инклюзивті қолдау кабинеті жұмыс істейді. Бұл кабинетте логопед мамандары, арнайы педагогтар, психологтар, эрготерапевт және емдік дене шынықтыру мұғалімдері жұмыс атқарады. Дене шынықтыру мұғалімдері бейімделген спорт түрлері бойынша курстардан өтеді, балалардың дене шынықтыру сабақтарына толыққанды қатысуы үшін барлық жағдай жасалған.
«Сонымен қатар түрлі жобалар да жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, «Жылыжай» жобасы, «Kids warm» жобасы бар, ипотренажер бар. Осы оқу жылының басынан бастап біз «Қасиетті жол» қоғамдық қорымен бірлесіп меморандум жасасып, балаларымыз иподромға барып, ипотерапиядан да емдік шараларына қатысып жатыр», – деді директордың орынбасары.
Н. Әбілқасымованың айтуынша, мектептегі ерекше білім беру қажеттілігі бар 120 оқушының 42%-ы педагог-ассистенттің сүйемелдеуімен жүреді. Баланы жеке тұлғалық бағытталған түзету, дамыту жұмыстарына тікелей әсер ететін және орны бөлек көмек көрсететін педагог маман ретінде мұндай педагог-ассистенттердің маңызы зор.
«Тағы бір айта кететін жайт, ресурстық орталық болғандықтан, біздің ұстаздарымыз көптеген семинарларға қатысады. Өзіміздің мектепішілік те семинарлар өткізіп, әдістемелік көмектерді қаладағы басқа мектептерге де көрсетіп отырамыз», – деп түйіндеді Н. Әбілқасымова.