Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында “Бір ауыл – бір өнім” жобасы туралы мәжіліс өтті. Шараны аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков ашып, жүргізіп отырды.
Жиынға Қызылорда облысы Кәсіпкерлер Палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов, Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Наталья Мишукова, Қызылорда облысы Кәсіпкерлер Палатасының Қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Әсел Алуашова және Қызылорда облысы Кәсіпкерлер Палатасының Баспасөз хатшысы Балдырған Мәмен арнайы келді. Одан бөлек, ауданнан салалық мекеме басшылары, кент, қала және ауылдық округ әкімдері мен жеке кәсіпкерлер қатысты.
– Қазіргі кезде елімізде кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау бойынша маңызды қадамдар жасалып, жаңа бастамаларды жүзеге асыруға бар жағдай жасалуда. Соған сай аймағымызда кәсіпкерлікті кешенді дамыту бойынша белсенді шаралар қабылдануда,- деген Күнтілес Айдарбекұлы сөз кезегін Қызылорда облысы Кәсіпкерлер Палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықовқа берді.
Шыны керек, биылдан бастап елімізде «Мен кәсіпкер», «Бір ауыл – бір өнім» жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның басты міндеті – ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік әлеуетін арттыру, яғни қолда бар жергілікті шикізатты пайдаға асыра отырып, өнім өндіру, елді мекендерде жұмыс орнын ашып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру болып табылады.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары кәсіпкерлік саласында шикізат өндірумен ғана шектелмей, терең өңделген өнімдер шығаруды қолға алу қажет екенін айтты. Сондай-ақ, «Бір ауыл – бір өнім» жобасын сәтті жүзеге асырылуы үшін барлық қажетті шараларды жүргізуді еске салды.
Мәжіліс соңында қатысушылар тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылып, жан-жақты талқыланды.