Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің бастамасымен «Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің мемлекеттік идеологияны қалыптастарудағы орны» атты дөңгелек үстел өтті.
Президенттің «Әділетті мемле­кет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын іске асыру шеңберінде өткізілген іс-шараға Сенат және Мәжіліс депутаттары, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Ақпарат және қоғамдық даму, Оқу-ағарту, Ішкі істер, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінің өкілдері мен медиа саласының мамандары қатысты. Дөңгелек үстелге төрағалық еткен комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп іс-шараның мақсаты еліміздің медиа саласы арқылы мемлекеттік идеологияны бұқараға ұтымды ұсынудың ресурстары мен тиімді тетіктерін қарастыру екенін атап өтті.
– Аласапыран, геосаяси шиеленіскен қазіргі уақытта идеологиялық шебімізді нығайту маңызды болып отыр. Біз осы дөңгелек үстелді ұйымдастыру жұмыстары аясында «Еларна» телеарнасында, «Қазақ газеттері» ЖШС-ында болдық. Ондағы жағдайды көзімізбен көріп қайттық. Мән беруді талап ететін бірқатар мәселе көтеріліп отыр, – деді ол.
2021 жылы «Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу – кешенді жаңғырудың негізі», 2022 жылы «Жастар және жаңғыру» атты кең көлемді парламенттік тыңдау өткендігін еске салған комитет төрағасы сол парламенттік тыңдаулардың нәтижесі бойынша мемлекеттік органдарға жолданған ұсынымның ішінде ұлттық идеологияны нығайту бағытында бірқатар тапсырма енгізілгенін жеткізді.
Бүгінде «идеология» деген сөзге кей адамдар үрке қарайды. Оны адамдарға үстемдік құратын күш ретінде қабылдайтындар бар. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі жуырда қабылданған Ақпараттық доктринада идеология сөзін «құндылық» деп ауыстырғанын атап өтті. Өйткені идеология әртүрлі болуы мүмкін, ал ұлттық құндылық біреу ғана. Ол ақпараттық идеологияның ұстыны болуға тиіс.
– Ақпараттық доктринадан бөлек, бүгінде біздің министрліктің бастамасымен 3 заң жобасы дайындалып жатыр. Соның бірі – «Масс-медиа туралы» заң жобасы. Бұл құжатта негізінен журналистің мәртебесі көтеріледі. Оның қалам ұстаған жандардың қызметін шектеу емес, реттеуге арналғанын баса айтқымыз келеді. Екіншісі – «Интернет-жарнама және онлайн платформалар туралы» заң жобасы. Бұл жоба шеңберінде интернет қолданушылардың жауапкершілігі күшейеді. Шетелдік платформалардың қызметі ел заңнамасына сәйкес реттелмек. Сондай-ақ блогерлер қызметін бір жүйеге келтіру көзделіп отыр. Үшінші – «Ақ­паратқа қол жеткізу жөніндегі заң жобасы» әзірленіп, жақында бұл жобаларды Парламент қарауына ұсынамыз, – деді министр.
Дархан Қыдырәлінің айтуынша, масс-медиа туралы заң жобасында дәстүрлі бұқаралық ақпаралық құралдарындағы қазақ тілінің үлесін 70 пайызға дейін көтеру ұсынылған. «Қазіргі күні 50-50 ұстанымы қолданылатыны белгілі. Алайда бүгінгі демографиялық жағдайды, қазақ тіліне деген сұранысты ескерсек, мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуге толық негіз бар. Бұл да мемлекеттік идеологияны қалыптастыру бағытындағы маңызды бір қадам», деді министр.
Сонымен қатар ол медиасауаттылықты арттыру, журналистерге арналған семинарлар өткізу, Nickelodeon, Tiji, Tik Tok, Meta, Youtube секілді әлемдік компаниялармен жұмыс жүргізіп, олардың Қазақстан нарығына енуіне жол салатын бағыттарға тоқталды.
Бүгінгі таңда Қазақстандағы креативті индустрияның өзегі қазақ тілі болып отыр. Бұл туралы медиасарапшы Мақпал Жұмабай айтты. Оның сөзінше, бұл тенденция ел экономикасына пайда әкелетін күшке ие. Сол үшін креативті индустрияның мүмкіндіктерін молынан пайдалануымыз керек. Сонымен қатар ол жаңа медиадан кейінгі кезекті назар аударатын бағытымыз – заманның жаңа сұранысы жасанды интеллектіні меңгеру екенін жеткізді.
– Алдағы уақытта жасанды интеллектінің заманы келе жатыр. Оны қалай игереміз? Құндылықтарымызды қалай дамытамыз? Біз осыған қатты көңіл аударуымыз қажет. Болашақта телеарнада жаңалықтарды журналист емес, жасанды интеллектімен қаруланған роботтар жүргізуі мүмкін. Бізде жаман әдет бар: кез келген жаңалықты мойындамау, оған қарсыласу. Біз басқа дамыған өрке­ниеттерден шет қалмау үшін цифрлық әлем жаңалықтарын уақтылы қабылдап, оны игеріп, дамытуымыз қажет. Оған біздің мамандардың зияткерлік әлеуеті жетеді, – деді Мақпал Жұмабай.
Азаттық алғаннан бері еліміздің негізгі идеологиясы – тәуелсіздікті баянды ету, халықтың бірлігін нығайту, тарихи сананы ояту, рухани жаңғыру, халықаралық аренада диалог орнату екендігін айтқан Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Айгүл Қапбарова мемлекеттік идеология деген ұғымның синонимі ретінде «сенім» сөзін пайдалануға болатынын жеткізіп, жапондықтардың тәжірибесін мысалға келтірді.
– Жапондықтардың басты ерекшелігі – олардың идеологиясында жатыр. Олар экономикалық дамуды, тек пайданың көзі емес, халықтың бірлігі, тұтастығы деп біледі. Еңбекқорлық, әлемде болып жатқан өзгерістерге тез бейімделу, жоғары білімді, ғылымды игеру, жан-жақты даму – жапон идеологиясының басты мақсаты. Осы және басқа да озық тәжірибиелерге біз де мән беруіміз керек, – деді Айгүл Қапбарова.
Дөңгелек үстел басында «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы, «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қоры басшысының кеңесшісі Жайнагүл Төлемісова, «Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы Бекзат Жүсіп, сценарист, продюсер, медиа сарапшы Перизат Мырзахметова, журналист Динара Сәтжан, депутат Артур Платонов сөз алып, дәстүрлі медианы жамыту жолдары, жаңа медиадағы соны тенденциялар, анимация, кино түсіру, көп қолданылатын әлеуметтік желілерде қазақ тілі, діні, дәстүрі, тарихына қатысты ұлттық идеология құндылықтарын насихаттап жатқан азаматтарды қолдау және жаңа медиада саннан сапаға көшу секілді өзекті мәселелерді ортаға салды.

БӨЛІСУ