Бүгін Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен Талсуат оңалту орталығындағы ерекше жандарға арналған спартакиада өтті.
Шараның шымылдығын облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов ашып, қатысушы командаларға сәттілік тіледі. Орталықта ем алушы жандарға мықты денсаулық, дертіне шипа беріп, қалыпты өмір дағдыларына оралуына тілектестігін білдірді.
Тартысты «Толағай» отбасылық спартакиадасына ем алушы жеткіншектер ата-аналарымен бірге белсенді қатысты. Көңілді сайысқа «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Фархат Халилуллаев, мекеменің бөлім басшысы Шахизат Абдарманова қазылық етті.
Сайыс нәтижесінде Жалағаш ауданынан келген «Қызғалдақ» тобы жүлделі бірінші орынды қанжығасына байлады. Жеңімпаздар мен барлық қатысушыларға бағалы сыйлықтар мен «Қоғамдық келісім» КММ директоры атынан дипломдар табысталды.
Ал, Талсуат оңалту орталығының директоры Мейрамбек Әбдікәрімов қайырымдылық шараны қорытындылап, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, Алғыс хат табыстады.

 

БӨЛІСУ