Бүгін облыстық білім басқармасы полиция департаментімен бірлесіп «Мен және менің полицейім» атты акциясы ұйымдастырылды.
Шараға қала мектептерінің жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттері қатысып, облыстық полиция департаментінде құқық қорғаушылардың қызметімен танысты.
Ашық есік күні аясында 150-ге жуық жасөпірім аймақтың полиция қызметінің өткенінен сыр шертер мұражайды аралап, жедел басқару орталығының жұмысын көрді. Жедел басқару орталығының аға инспекторлары оқушыларға нысанның жұмысы мен мамандардың қырағы қызметі жайлы әңгімеледі. Сондай-ақ, балаларға бейнебақылау камералары арқылы орталық көшелерді, мектептердің айналасын, ауласын, облыс орталығындағы ойын-сауық, тынығу, сауда орындарын, тіптен көпқабатты үйлер ауласы мен подъездерді бақылауға болатынын атап өтті. Әсіресе жасөспірімдер шоғырланған жерлер тәртіп сақшыларының жіті назарында екенін ескертіп, балаларға түнгі уақытта ата-анасыз және заңды өкілінсіз жүруге тыйым салынатыны туралы хабардар етті.
Экскурсияда мамандар оқушыларға полиция қызметкерлері қолданатын қару-жарақ түрлерін, кинология орталығының есірткі заттарын анықтайтын иісшіл иттерді, криминалист мамандардың құрал-жабдықтарын да таныстырды. Мұнан әрі жасөпірімдер арнайы жасақтың жаттығу жұмысын көріп, полиция пәрмені жайлы мол мағлұматқа кенелді. Оқушылар өз кезегінде полиция қызметкерлеріне көкейлеріндегі сауалдарын қойып, нақты жауап алды.
Мұндай ашық есік күндері балалардың құқық қорғаушылар қызметіне деген сенімділігін, жауапкершілігін нығайтып, қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, ашық есік күні 17 сәуірден бастау алып апта аяғына дейін жалғасатын болады. Оған қала бойынша 1000-ға жуық оқушы қамтылады деп жоспарлануда.
©Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі