Диқандар егіс жұмыстарына 257 мың тонна тыңайтқыш алады.
Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте егіс науқанының барысы талқыланды.
Қазақстанда көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін шаруаларға 257 мың тонна тыңайтқыш жөнелтілді, оның 144 мың тоннасы отандық тыңайтқыш өндіруші кәсіпорындардың өнімі.
Фермерлердің минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етілуі жайлы ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек баяндады. Оның айтуынша, қазір қоймаларда 88 мың тонна қор бар. Жалпы, ағымдағы егіс жұмыстарына 704 мың тоннаға жуық тыңайтқыш пайдалану жоспарланып отыр, оның 63%-ы қазақстандық өндіріске тиесілі.
Жергілікті бюджеттерде тыңайтқыштарды субсидиялау бағдарламасына 31,3 млрд теңге қарастырылған. Ауыл шаруашылығы дақылдарын зиянкестер мен арамшөптерден қорғау үшін субсидиялау шеңберінде 32,6 млрд теңге бөлінгенін қоса мәлімдеді вице-министр.
Сондай-ақ кеңесте өңірлерге ЖЖМ жөнелту мәселесі де қаралды. Көктемгі егіс науқанына бөлінген жеңілдетілген дизель отынының көлемі ұлғайтылып, 419 мың тоннаға жетті, бұл өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 19 мың тоннаға артық. Операторлардың шығыстарын ескере отырып, республика бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынының орташа құны литріне 204 теңгені құрайды, бұл дизель отынының шекті бағасының өсуіне сәйкес, нарықтық құнынан 30%-ға арзан. Өңірлер белгіленген жанармай көлемінің 47%-ын алды.
Егіс науқанын қаржыландыруға келетін болсақ, «Кең дала» бағдарламасы бойынша 140 млрд теңге қарастырылған, оған кемінде 3200 шаруаны қамту, шамамен 2 млн га алқапта егін егу мен жинауды қамтамасыз ету жоспарланған. Қазіргі уақытта 150,8 млрд теңгеге 4169 өтінім келіп түсті. Өнімді форвардтық сатып алу бағдарламасы жалғасады, оған 20 млрд теңге қарастырылған. Азық-түлік корпорациясы көктемгі егіс жұмыстарын іске асыру және кейіннен қаржыландыру үшін ірі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тауарлық несие беруге тағы 35 млрд теңге бөледі.
Айта кетейік, көктемгі егіс жұмыстары басталғаннан бері Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде диқандар 832,9 мың га жерге егін екті, олардың басым бөлігі дәнді, жемшөп және майлы дақылдар. Жалпы, бүкіл ел бойынша 23,4 млн га жерге егін егу жоспарланып отыр. Биыл дәнді, жемшөп, көкөніс және бақша дақылдарының, сондай-ақ қант қызылшасының егістік алқаптары ұлғаяды. Жаппай егу науқаны мамырдың екінші онкүндігінде басталады.
Барлық түйткілді мәселелерді жедел шешу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі жанында Жедел штаб жұмыс істейді, оған барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар, сондай-ақ облыстар мен қалалар әкімдерінің орынбасарлары тартылған.