Қлалық мәслихаттың ауыл шаруашылығы, жер және экология мәселері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті.
Алдымен депутаттар, Қарауылтөбе ауылдық округіндегі егіс жұмыстарының барысымен танысты.
Аталған аумақта, Ыбырай Жахаев атындағы Қазақ Күріш ғылыми зерттеу институтының Қарауылтөбе ауылдық округіне қарасты егіс даласында 2023 жылы барлығы 1173 гектар жер ауыл шаруашылығы дақылын орналастыру жоспарлануда. Оның ішінде 800 гектар күріш, 215 гектар ескі жоңышқа, 120 гектар жаңа жоңышқа.
Бүгінгі күнге 215 гектар ескі жоңышқа дақылы тырмаланып, 120 гектар жаңа жоңышқа, 35 гектар қант құмайы егілген.
Егіс даласындағы жұмыстардан кейін, депутаттар қалалық мәслихатта комиссия отырысын қорытындылап, «Қызылорда қаласы бойынша көктемгі егіске дайындық жұмыстарының барысы туралы» мәселені талқылады.
Күн тәртібіндегі мәселеге байланысты, қалалық ауыл шаруашылығы және қатынастар бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Қ.Жүсіпов хабарлама жасап, сұрақтарға жауап берді.
Комиссия отырысы барысында кент және ауылдық округ әкімдері елді мекендер бойынша көктемгі дала жұмыстарының барысы туралы ақпарат берді.
Қала бойынша биылғы жылы 9 036 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып отыр. Оның ішінде негізгі дақыл күріш 3 610 гектар, дәнді дақыл 107 гектар, картоп дақылы 500 гектар, көкөніс дақылы 1 330 гектар, бақша дақылы 990 гектар, мал азықтық дақыл 2 499 гектарды құрайды.
Комиссия отырысына қала әкімінің орынбасары Д.Ермеков, «Ы. Жахаев атындағы Қазақ Күріш ҒЗИ» ЖШС басқарма төрағасы С.Қосанов, Қызылорда сулар өндірістік учаскесінің басшысы Ж.Нұрымбетов, бақ өкілдері, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Комиссия отырысы барысында, алдағы егіс науқаны кезінде су тапшылығының ықтималдығын ескере отырып, алдын-ала дайын болу, егістіктерді қамтамасыз етуде насос қондырғыларының толыққанды жұмыс жасауын қатамасыз ету, тиісті мекемелерге қажетті аяқ су көлеміне тапсырыс беру, мал жайылымына барынша жер беруді ұйымдастыру және мал өтетін жайылымға өтетін өткел (дәліз) жасау, каналдарды тазалау, аяқ судың кедергісіз егінге жетуін қамтамасыз ету, халықты бақшалық бизнес бейімдеу мақсатында оларға қажетті жағдайлар жасау, бақшалық мақсатта беріліп жатқан жерлерді алған азаматтар күтіп баптау жұмыстарын ұдайы жүргізуі қажет екендігі, қалалық ауыл шаруашылық бөліміне басшының тағайындалмай отырғандығы, тұрғындарға бақшалық жер беру барысында бұрын егін салынған орындардан болуын және аяқ судың толқыққанды жететіндей болуын ескеру туралы ұсыныстар көтерілді.
Сонымен қатар, Қарауылтөбе ауылдық округіне қарасты депутат Т.Мақашов, Қарауылтөбе ауылында жайылымдық жерлердің өзекті екендігі және соған сәйкес биыл егіс науқанында мал азығы мәселесін бақылауда ұстау және «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында бөлініп жатырған қаражаттарды ауылға көптеп тарту туралы ұсынысын білдірді.
Қызылорда сулар өндірістік учаскесінің басшысы, облыстық мәслихат депутаты Ж.Нұрымбетов қала іргесіндегі Айнакөл ауылы картоп дақылын 30 га жерге салып келген болса, биылғы жылы 60 га жерге егетіндігін ескере отырып, ауыл еңбеккерлеріне барынша қолдау көрсетілуі қажет екендігін атап өтті.
«Ы. Жахаев атындағы Қазақ Күріш ҒЗИ» ЖШС басқарма төрағасы, ауыл шаруашылығы ғалымдарының кандидаты С.Қосанов, институттың алдағы жоспарларымен бөлісіп, қала басшылығымен азық түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында егін-бақша саласын дамыту бойынша бірлесіп жұмыс атқаруға дайын екендігін жеткізді.
Отырысқа комиссия төрағасы М.Жүсіп төрағалық етті.