ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында апатты жағдайдағы ауыл мектептері мен денсаулық сақтау нысандарында болып, жастармен, сондай-ақ ауыл тұрғындарымен «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысу мәселелері бойынша кездесу өткізді.
Президент тапсырмаларын орындау аясында білім беру, денсаулық сақтау және жұмыспен қамту мәселелері ерекше бақылауда. Мектеп тапшылығы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы мен «Білім беруді қолдау» қорының көмегімен шешілетін болады. Соның нәтижесінде үш жыл ішінде өңірде 30-дан астам білім беру нысанын салу межеленген.
Қызылорда облысында медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін биыл облыстық қан орталығы мен мамандандырылған емханасы бар 300 орындық (онкологиялық бөлімшесі бар) көпсалалы аурухана, Арал ауданы Сексеуіл ауылында 40 төсектік аурухана құрылысын салу жоспарланған.
Жастарды жұмыспен қамту – Қызылорда облысындағы өзекті мәселелердің бірі. Жастар ресурстық орталығында өткен кездесуде мемлекет ұсынған мүмкіндіктер туралы айтылды. Атап айтқанда, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу барысында жалақыны субсидиялайтын «Бірінші жұмыс орны» және оқу процесінде еңбек тәжірибесін жинауға көмектесетін «Жастар практикасы» жобалары іске қосылды. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 5-7 жылдан аспайтын мерзімге, жылдық 2,5%-дан бастап, икемді шарттармен 5 млн теңгеге дейін несиелер беру арқылы жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдайды. Қызылорда облысында 2023 жылы осындай жобаларды іске асыруға 1,2 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта 7 өтінім мақұлданды. Бизнесті дамытудың тағы бір тәсілі – халықтың әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған топтары үшін өтеусіз грант табыстау.