“Ауыл аманаты” жобасы бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуге құрылған жұмысшы топтар елді мекендерді аралауда. Соған сәйкес бүгін аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов бастаған топ Көларық, Майдакөл, Ақжона және Алға ауылдық округтеріне ат басын бұрды.
Ауылдарда жиынды ашып, жүргізіп отырған Дәурен Оңғарбайұлы Үкімет тарапынан ауыл тұрғындарының табысын арттыру бойынша белсенді шаралар қабылданып, түсіндірме жұмыстары үшін жұмысшы топ құрылғанын жеткізді.
Басқосуда аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің жетекші маманы А. Қанат және аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары С. Қуатов сөз алып, «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру екеніне тоқталды.
Жиын соңында тұрғындар тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылып, жауап берілді.