Бүгін қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейілов қаладағы жеке ақпараттық тұғырлардың егелерімен кездесті.

Кездесу барысында қала аумағында орналасқан жеке сыртқы көрнекі ақпарат құралдарының (билборд) қазіргі жәй-күйі талқыланды.

​Күн тәртібіндегі мәселе бойынша қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ғабит Қожахметов хабарлама жасап, жеке кәсіпкерлерге тиесілі сыртқы көрнекі ақпарат құралдарының қазіргі жағдайына жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесін баяндады.

Қала әкімінің орынбасары біршама жарнамалық тұғырлардың заңнамада және шартта көрсетілген талаптарға сәйкес келмейтінін, санитарлық талаптардың сақталмауын, тіпті кейбір жарнамалық тұғырлардың құлау қауіпінде екендігін атап өтіп, осы көрсетілген кемшіліктерді ең қысқа мерзімде қалпына келтіруді тапсырды.
Жиында көтерілген тағы бір мәселе – құмар ойындарының жарнамаларын орнату жөнінде болды.

Жанмұрат Жақсымұратұлы осы жағдайға байланысты жеке кәсіпкерлер назарына бірқатар ұсыныс енгізіп, қолдау көрсетуге шақырды.

-​Өздеріңізге белгілі, қазіргі таңда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық және құмар ойындарына деген қызығушылық қоғамда жиі көтеріледі. Ал олардың үздіксіз жарнамалануы мәселені күрделендіретіндігі анық.
Өздеріңізге тиесілі тұғырларда да мәтіндес жарнамалар бар.
Осы ретте, аталған жағдайды белгілі бір деңгейде реттеу керек деп есептеймін. Яғни, бұндай жарнамаларды білім беру мекемелерінің жанында орналастырмауды ұсынамын, – деді Жанмұрат Жақсымұратұлы.

Өз кезегінде жеке кәсіпкерлер ұсыныспен келісіп, бірлесіп жұмыс жасайтындығын жеткізді.

Айта кету керек, Қазіргі таңда қалада 251 екі жақты тұғырнамалар бар. Оның ішінде 124 әлеуметтік тұғырнама қала әкімдігіне қарасты болса, 127 тұғырнама жеке кәсіпкерлерге тиесілі.

БӨЛІСУ