Skip to content

ҚОҚЫСТЫ ҚАЙТА ӨҢДЕУ БОЙЫНША ПИЛОТТЫҚ ЖОБАЛАР ӘЗІРЛЕНУДЕ

Экология министрлігі қоқысты қайта өңдеу бойынша бірнеше пилоттық жобаны сынақтан өткізеді – ОКҚ брифингі.

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Қазақстандағы экологиялық ахуал мәселелері талқыланды. Спикерлерге қойылған сұрақтардың басым бөлігі қоқысты қайта өңдеуге және қоқыс өртеу зауыттарын салу жобаларына қатысты болды.

«Қоқысты жағу негізгі механизм болып табылмайды. Біз бұл бағытты басқалармен бірге пысықтап жатырмыз. Уақыт бір орында тұрмайды, жаңа технологиялар пайда болуда. Бүгінгі таңда басқа технологиялармен ЕО елдерінің әлеуетті инвесторлары біздің проблемаларымызға қызығушылық танытуда. Пилоттық жобаны үш түрлі технологиямен үш түрлі өңірде жүргізетін шығармыз. Қайсысы тиімді болса, соны қабылдаймыз», – деді спикер.

Журналистердің медициналық және басқа да қауіпті қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі туралы сұрағына ҚР ЭТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының м.а. Айдар Абдуалиев жаңа Экологиялық кодекстің 336-бабында онымен айналысатын кәсіпкерлердің лицензиялары болуы тиіс екені қарастырылғанын атап өтті. Комитет басшысының міндетін атқарушының айтуынша, бүгінгі күні қауіпті қалдықтарды қайта өңдеуге, кәдеге жаратуға және жоюға 163 лицензия, медициналық қалдықтарды қайта өңдеу бойынша 80-ге жуық лицензия берілді.

Экологтардың айтуынша, қоршаған ортаны осы қалдықтармен ластау жағдайлары расталса, министрліктің лицензияны қайтарып алу функциясы бар.

Сонымен қатар, 2022 жылы республика бойынша ластаушы заттардың шығарындыларының жалпы көлемі 4,2 млн тоннаны құраған. Бұл 2021 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, 200 мың тоннаға аз.

«Эмиссияларды реттеу шеңберінде министрлік 2023 жылға арналған шығарындылар лимитін төмендетуге қол жеткізді. Мысалы, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ шығарындылар лимиті 39 мың тоннаға азайды. «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ шығарындылары 5 мың тоннаға, «Теңізшевройл» ЖШС шығарындылары 1000 тоннаға азайды», – деді А. Абдуалиев.

Оның айтуынша, экологиялық жағдайды жақсарту үшін ірі кәсіпорындар жыл сайын өз қаражаттары есебінен орындалатын табиғатты қорғау іс-шараларының жоспарын әзірлейді. Мысалы, Норт Каспиан Оперейтинг Компани жоспарында 2023 жылдың 2 тоқсанында жаңа тазарту құрылғыларының құрылысы аяқталады, бұл «Астрахань-Маңғышлақ» су құбырынан суды тұтынуды 70%-ға қысқартуға және суды қайта пайдалануды ұлғайтуға мүмкіндік береді.

«Комитеттің аумақтық департаменттері өткен жылы шаруашылық жүргізу субъектілеріне экологиялық заңнаманы сақтау бойынша 1627 тексеру жүргізді. Нәтижесінде 5,8 млрд теңгеге әкімшілік айыппұл салынды. Мемлекет кірісіне 4,4 млрд теңге айыппұл өндірілді», – деді экологиялық реттеу саласының басшысы.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабының негізінде министрлік эмиссиялар нормативтерін жүйелі түрде, яғни бір жыл ішінде қайталап асырғаны үшін кәсіпорындардың қызметін тоқтату туралы тәжірибені қолданады. Мысалы, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-іне экологиялық заңнаманы жүйелі түрде бұзғаны үшін сот тәртібімен эмиссияның төрт көзін пайдалану бойынша экологиялық рұқсаттарды қолдану бір ай мерзімге тоқтатылды. Алайда, екінші сатыдағы сот өндірісіндегі жағдай қаупін азайту мақсатында аталған зауыттың аса қажеттілік жағдайын ескеруге сүйене отырып, бірніші сатыдағы сот шешімінің күші жойылған. Сондай-ақ, тескеру нәтижелері бойынша Солтүстік Қазақстан облысында «Асыл логистик» ЖШС-нің агрохимикаттар сақтау объектілерін пайдалануы тоқтатылған.

Спикер қоршаған ортаға эмиссияларды төмендету «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасында да көзделгенін айтты. Қалалардағы ірі 16 өнеркәсіптік мекеме эмиссияларды 20%-дан 30%-ға дейін төмендету бойынша міндеттемелер алған. Оларға қол жеткізу үшін кәсіпорындар ең озық қолжетімді технологияларды енгізеді және тиісінше жаңа Экологиялық кодекс шеңберінде кешенді экологиялық рұқсаттар алады. Мәселен, 2022 жылы кәсіпорындардың шығарындыларының жиынтық лимиті 750 мың тонна болса, нақты шығарындылары 635 мың тонна болды, деді А. Абдуалиев, яғни эмиссиялар 16%-ға төмендеген.

«Экологиялық жағдайды жақсартудың пәрменді тетіктерінің бірі – өнеркәсіптің ең озық қолжетімді технологияны енгізуі. Бұл мақсатты 2025 жылдан бастап іске асыру жоспарланып отыр. Осы арқылы он жыл ішінде ел бойынша эмиссиялар шамамен 50%-ға төмендейтін болады», – деді экологиялық комитет төрағасының м.а.

Ал Экологиялық кодекс бойынша биылдан бастап кәсіпорындар шығарындыларының көздерінде мониторингтің автоматтандырылған жүйесін орнату жоспарланған. Деректерді онлайн режимде алу, эмиссиялардың көрсеткіштерін қадағалау заң бұзушылықтарға уақытылы ден қоюға, халықты шынайы және жедел ақпаратпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

БӨЛІСУ

Designed using Hoot Business. Powered by WordPress.