Өкпе гипертензиясы – оң қарыншалық жүрек функциясы жеткіліксіздігінің дамуымен өкпе артериясындағы қысымның жоғарылауымен сипатталатын аурулар тобы. Ем жүргізілмеген жағдайда оның болжамы өте жағымсыз.

Өкпе гипертензиясының белгілері тыныс алу және жүрек-тамыр жүйесінің басқа ауруларына да тән.
Жаттығу кезінде немесе тыныштықта ентігу ерекше мәнге ие. Кеуде қуысында ауырсыну, шаршау, әлсіздік, аяқтың ісінуі, жүрек соғу жиілігінің жоғарылауы, естен тану пайда болады. Басқа шағымдар да болуы мүмкін. Өкпе гипертензиясы оң жақ жүрек функциясының жеткіліксіздігіне әкеледі.
«Ауруды емдеу дәрігерлермен серіктестікте пациенттердің белсенді қатысуымен мультидисциплинарлық тәсілді қажет етеді. Көбінесе өкпе гипертензиясы жүрек пен өкпе ауруларына байланысты», – дейді институттың кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ профессоры, м.ғ. д. Сәуле Қасенова.
Профессордың айтуынша, Еуропалық кардиологтар қоғамы мен Еуропалық респираторлық қоғам соңғы жылдары өкпе гипертензиясын анықтау мен емдеуде айтарлықтай жетістіктерге жеткен.
Өкпе гипертензиясына күдікті пациентке физикалық зерттеу, яғни тексеру, пальпация және аускультация жүргізіледі, сырқатнама жиналады. Содан кейін зертханалық диагностика жүргізіледі. Олар: жалпы және биохимиялық қан талдауы, қалқанша безінің жұмысын бағалау, натриуретикалық пептидті талдау NT-proBNP – бұл жүрек жеткіліксіздігінің маңызды маркері, оның концентрациясы жүрекке жүктеме кезінде артады. Қан плазмасындағы NT-proBNP концентрациясы жүрек жеткіліксіздігінің ауырлығын, соның ішінде өкпе гипертензиясын көрсетеді.
Өкпе артериясындағы қысымның нақты саны жүректің оң жақ катетеризациясымен қамтамасыз етіледі. Бұл өкпе гипертензиясы мен созылмалы тромбоэмболиялық өкпе гипертензиясының диагнозын растау, гемодинамикалық өзгерістердің ауырлығын бағалау және науқастардың белгілі бір тобында өкпе тамырларының вазореактивтілігіне тест жүргізу үшін қажет. Асқыну қаупі жоғары мамандандырылған персоналдың қатысуымен, заманауи жабдықты қолданумен төмендейді.
Пациент өкпе гипертензиясының этиологиясын нақтылауға мүмкіндік беретін ЭхоКГ, компьютерлік-томографиялық ангиопульмонография, спирометрияға жіберіледі: өкпенің интерстициалдық өзгерістерін, жүре пайда болған және туа біткен жүрек ақауларын анықтау.
Емдеуді пульмонологтар да, кардиологтар да, басқа мамандықтардың дәрігерлері де – пациенттің өзімен өзара іс-қимылдағы мультидисциплинарлық команда да жасайды.
Бұл аурудың профилактикасы үшін темекі шегуден бас тарту керек, үнемі профилактикалық тексерулерден өту керек, стрестер мен эмоциялық шамадан тыс жүктемелерді болдырмау керек.
Сонымен қатар шамадан тыс физикалық жүктемелерге жол бермеу керек. Дер кезінде, жылына кемінде бір рет кардиолог пен пульмонологтан консультация алу маңызды, ал симптомдар пайда болған кезде гипертонияны тудырған негізгі ауруды емдеуді дереу бастау қажет.

БӨЛІСУ