12 сәуірден бастап бекітілген кестеге сәйкес Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдын алу мақсатында елді мекендерде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары бастау алды.
Осы орайда, қала әкімінің орынбасары Дінмұхамед Ермековтың және қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы Ерлан Ұзақбаевтың қатысуымен Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтылығы аймағында шоғырланған елді мекендерде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруынан сақтану, кене шағу қаупінің алдын алу, кене шаққан жағдайда дер кезінде дәрігерлердің көмегіне жүгіну бағытында және мал шаруашылығы қора-жайларын, жеке аулаларды (қидан, қоқыстан), сондай-ақ малды жазғы жайылымға айдау кезінде уақытша тұрақты, мал қораларын және айналасындағы аумақты кенеге қарсы өңдеу басталғанға дейін механикалық тазалау жұмыстарын ұйымдастыру бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Аралау барысында Дінмұхамед Жандарбекұлы жауапты мамандарға және кент, ауылдық округ әкімдеріне эпидмаусымдық дәрілеу-залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу барысында залалсыздандыру жұмыстарына өте мұқият болып, жауапкершілікпен қарауды тапсырды.
Айта кету керек, өткен жылы Қызылорда қаласы аумағында қауіпті деп танылған 11 аймаққа залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Биылғы жылы аталған қауіпті аймақтың қатарына ПМК-29 саяжайы да енгізілді.
Қауіпті деп танылған аймақтарда Конго-қырым геморрагиялық қызбасына қарсы шаралар, яғни қалаға қарасты елді мекендердегі типтік жобада салынған 9 ванналарда уақ малдарды кенеге қарсы тоғыту жұмыстары, сондай-ақ, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасы негізінде КГЛ ауруынан болжамды диагнозбен ауырған тұрғындардың аулалары мен қора-жайларына залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі.