Бүгін аудан әкімі Серік Сермағамбетов ауданның зиялы қауым өкілдеріне, қоғам қайраткерлеріне, барлық ауылдағы сала ардагерлері мен еңбек адамдарына арнап ауызашар берді.
Алдымен ауданның абыз ақсақалы Шәкірат Дәрмағамбетов жиылғандарды қасиетті Рамазан айымен құттықтап, бата берді.
Ал аудан әкімі Серік Сағитжанұлы айлардың сұлтаны – Рамазан айымен барша жерлестерді құттықтап, лебізін білдірді. «Бұл – күллі мұсылман қауымы үшін рухани тұрғыдан жаңару кезеңі. Сондай-ақ, Ораза айында өзара сыйластық пен мейірім, ізгілік пен кешірім сияқты асыл қасиеттер дәріптеледі. Жұрт көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, қайырымдылық көрсетуге, сауапты іс атқаруға ұмтылады. Осы айда жасаған игі істеріңіз, жақсылықтарыңыз, қайырымдылық шараларыңыз сауаптан жазылсын. Бірлігі бекем, тірлігі көркем айдынды Аралымыз өркендей берсін!»-деп ыстық ықыласын жеткізді.
Мұнан соң, ауданның ақсақалдары мен ардагерлері сөз алып, елді бірлік пен ынтымақта болуға шақырып, өнегелі ойларын ортаға салды.