Облыс әкімінің жедел штаб отырысында берген тапсырмасына сәйкес құқық бұзушылық пен топтық төбелестің алдын алу мақсатында құрылған топтың жұмысы жалғасып жатыр.

Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев төрағалық еткен топ тағы да №266 мектеп-лицейдің оқушылармен кездесуге келді. Себебі, кешегі өткен басқосуға ата-аналар ғана қатысқан болатын.

Жиында сөз бастаған аудан басшысы бүгінгі әрбір баланың жасаған бұрыс қадамы, өз болашағына балта шапқанмен тең екенін тілге тиек етті.

– Кешегі өткен жиында тек ата-аналар ғана төбе көрсетті. Ал бүгін 8, 9, 10 және 11 сынып оқушыларымен арнайы кездесіп, ашық әңгіме өрбіткелі отырмыз. Құрметті елдің келешегі болған жастар. Мұның барлығы уақытша. Бір күнгі қателік алдағы мақсаттарыңыздан айыруы мүмкін. Сондықтан үлкен өмірге қадам басар тұста ата-ананың көңіліне қаяу салмай, қылмыстық іс-әрекеттен аулақ болу керек. Бастысы, тәрбие – отбасынан, білім – мектептен екенін ұмытпаған абзал, – деді аудан басшысы.

Мұнан соң жиында аудан прокуроры Дарын Әбіш сөз алды.

– Қазір көп мектеп оқушылары “Мен кәмілет жасқа толмағанмын. Сондықтан маған ештеңе жасай алмайды” деп ойлап жүр. Бірақ бұл қате пікір. Өйткені қазір бір рет қана әкімшілік жауапқа тартылғанының өзі келешек жұмысқа орналасауы үшін кедергі келтіреді. Ата-ана баланы бақылап, оның не көріп, не қарап отқанына баса мән беру қажет. Орын төбелеске қатысты әлі де тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Сондықтан оқиғаға қатыстылар заңдылығына сәйксе тиісті шараларын көретін болады, – деді аудан прокуроры.

Басқосу соңында аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы жасөспірімдерді тәртіпке шақырып, жиналғандардың ұсыныс-пікіріне құлақ түрді. Ата-аналардың айтуынша, мектепке бейнекамераларды көптеп орнату қажет және білім ошағына мектеп инспекторы керек.

Айта кетейік, жиынға Қазалы ауданының құрметті азаматы Берік Бисембаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Ғанибек Құрманалиев және зиялы қауым өкілдерді қатысты.

©️Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

БӨЛІСУ