Skip to content

АСТЫҚТЫ АВТОКӨЛІКПЕН ӘКЕЛУГЕ ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ

Қазақстанда астықты автокөлікпен әкелуге тыйым салынды – ҚР АШМ.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков астықты автокөлікпен әкелуге тыйым салу туралы айтып берді.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, биыл 1 наурыздағы жағдай бойынша бидайдың оң балансы 10,4 млн тоннаны құрады. «Бидайдың осы көлемі еліміздің ішкі нарығының қажеттіліктеріне және белгілі көлемді экспортқа шығаруға толығымен жеткілікті. Қазіргі уақытта фермелерде және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерде бидайды тиімді бағамен сатуға және егін жинаудың жаңа маусымына дейін бидай сақтауға арналған қоймаларды босатуға барлық мүмкіндік бар», – деді ол.

Бірақ спикердің айтуынша, соңғы жылдары қазақстандық бидай нарығы «сұр» импорттан, заңсыз әкелуден зардап шегуде. Әкелінген бидайдың транзиттік тарифі төленбей, жасырын экспорт түрінде Орта Азия елдеріне және Ауғанстанға жіберіледі. Салалық қауымдастықтардың мәліметі бойынша «сұр» импорт көлемі жылына 1,5-2 млн тоннаны құрайды. Ал сараптама талдаулары бойынша мемлекетке келетін жалпы шығын жылына 500 млн АҚШ долларына бағалануда.

«Жоғарыда айтылғандардың негізінде және бірнеше салалық қауымдастық пен одақтардан министрлікке келіп түскен өтініштер бойынша бұл сұрақ ведомствоаралық деңгейде жан-жақты қарастырылып, 10 сәуірден бастап ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен мерзімі алты айға дейін Қазақстан Республикасына автомобиль көлігімен бидай әкелуге тыйым салу енгізілді», – деді Е. Тасжүреков.

Ол қабылданған іс-шараның арқасында біріншіден, отандық бидай нарығын және ішкі бағасын тұрақтандыру мүмкін болатынына сенім білдірді. Одан бөлек, бұл шара өзге елдерден бидай тасымалдау кезінде салық заңнамасы шеңберінде жұмыс істеуде оң нәтижесін беретін болады.

Спикердің айтуынша, астықты автомобиль көлігімен әкелуге тыйым салу биыл 10 сәуірден бастап 6 ай мерзімге енгізіледі. Мұндай шектеу шаралары көрші елдерден бидайдың «сұр» импортын болдырмау үшін қабылданды. Бұл ретте барлық белгіленген салықтар мен алымдарды сақтай отырып, теміржол көлігімен бидай әкелуге ешқандай шектеу шаралары қойылмағанын есте ұстаған жөн.

Талдау көрсеткендей, астық «сұр схемалар» бойынша негізінен автокөлікпен әкелінеді.

«Біріншіден, бұл заңсыз және барлық қолданыстағы нормаларға қайшы келеді. Екіншіден, астықтың ішкі нарығын тұрақсыздандырады және оның экспорттық әлеуетін төмендетеді. Үшіншіден, бюджет шығындарына әкеп соғады, өйткені қосылған құн салығын төлеуден тікелей жалтару жүріп жатыр, сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының түсімдерінен шығынға әкеп соғады», – деді вице-министр.

Анықталған бұзушылықтарды жою үшін және қауымдастықтар мен одақтардың астықты қайта өңдеу жөніндегі бірнеше рет берген өтініштерінің негізінде ведомствоаралық комиссия жедел шара ретінде астықты автомобиль көлігімен әкелуге тыйым салуды енгізу туралы шешім қабылдады. Бұл сондай-ақ астық әкелу шекарасында бақылауды күшейтуге мүмкіндік беретінін айтты спикер.

«Аталған шаралар ішкі астық нарығындағы жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді тұқым материалымен қамтамасыз ету үшін тұқымдарды автокөлікпен жеткізуге рұқсат етіледі. Бұл жағдайда мұндай партияларға тұқым сапасы туралы тиісті куәліктер қоса берілуі тиіс», – деді спикер.

АШМ нақтылағандай, бұл норма елдің, оның ішінде ЕАЭО шеңберіндегі халықаралық міндеттемелеріне қайшы келмейді.

Спикердің айтуынша, талдау астық импортының «сұр» схемаларына негізінен елдің шекаралас аймақтары тартылғанын көрсетті. Ағымдағы маркетингтік жылы астық әкелу жағдайлары Павлодар, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында байқалған. «Соңғы жылдары Павлодар облысы астықты заңсыз қабылдау және транзиттеу бойынша көш бастап тұр. Мәселен, Қаржылық мониторинг агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті 2021-2022 жылдар аралығында Өзбекстанға, Ауғанстанға және Тәжікстанға 1 млрд теңгеден астам сомаға 8.3 мың тонна контрабандалық астық экспорттаған бір ЖШС анықтады», – деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі.

Бұл ретте, жеңілдікті экспорттық тарифті алу мақсатында қазақстандық компания отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің, шаруа қожалықтарының астықтың отандық шығу тегін растайтыны тәрізді жалған шот-фактураларын пайдаланған. Бұл аталған ЖШС-ға транзиттік тарифтен жалтаруға және ҚТЖ «Қазақстандық жүк тасымалы» ЖШС-іне 150 млн теңгеге жуық шығын келтіруіне жол берген.

Ал Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары тарихи тұрғыдан алғанда астықты өлке болып саналмайды. Осы аймақтарда жиналған өнім әрқашан өз қажеттіліктері, соның ішінде тұқым ретінде пайдалану үшін қалдырылды. Жетіспейтін көлемдері елдің солтүстік аймақтарынан сатып алынады. Алайда, нарық қатысушыларынан түскен ақпаратқа сәйкес, жоғарыда аталған өңірлерде кенеттен «экспорттық әлеует» пайда болып, олар басқа өңірлерге астық жеткізу бойынша донорға айналған, деді спикер.

Әрине, бұл фактілердің барлығы көрші елдерден астық импортының «сұр» схемаларының орын алғанын көрсетеді.

«3,5 млн тонна көлемінде астық пен ұн экспортын, сондай-ақ 3,6 млн тонна шегіндегі ішкі тұтынуды ескере отырып, Қазақстанда биыл 1 қыркүйекке дейін 3,8 млн тонна көлемінде астықтың ауқымды ауыспалы қоры қалуы ықтимал», – деді Е.Тасжүреков.

Бұл ретте, әкімдіктердің ақпараты бойынша, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды егудің болжамды ауданы 16,2 млн га құрайды. Бұл алқап көлемі ішкі нарықты, сондай-ақ дәнді дақылдарды дәстүрлі көлемде экспорттауды қамтамасыз ету үшін жеткілікті. «Осылайша, шұғыл шаралар қабылданбаған жағдайда астықтың көп мөлшерінің отандық бизнес үшін салдары болуы мүмкін», – деп түйіндеді спикер.

БӨЛІСУ

Designed using Hoot Business. Powered by WordPress.