Бүгін қала әкімі Шаменов Асылбек Өмірбекұлы, қалалық мәслихат төрағасы Құттықожаев Ибадулла Дүйсенбайұлымен бірге аймағымызға белгілі құрылысшы, Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты Әбдіқалықов Мұса Жақыпұлының 60 жасқа толу мерейтойымен құттықтап, облыс әкімінің құттықтауын жеткізіп, Қызылорда қаласының «Құрмет» грамотасын табыстады.

Салтанатты қабылдау барысында Мұса Жақыпұлына қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев, құрылысшы Бақдәулет Ысқақов, қалалық мәслихат депутаты Бейбіткүл Кәрімова құттықтау лебіздерін білдіріп, еңбектерін атап өтті.

Мұса Жақыпұлы Қазақстан Республикасының «Құрметті құрылысшысы», Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы», аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғын-үй құрылысы саласының өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген азамат.

М.Әбдіқалықов «Жомарт жүрек» номинациясының иегері, көптеген қайырымдылық істер жасаған кәсіпкер. Он жылға жуық мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған он отбасыға тұрақты түрде әлеуметтік көмек көрсетіп келеді.

Қалалық мәслихат депутаттары да Мұса Жақыпұлына ілтипат көрсетіп, мерейтойымен арнайы құттықтады.

БӨЛІСУ