Күн тәртібінен түспей тұрған мәселенің бірі – жастардың жұмыссыздығы. Қоғамда бұларды «Neet санатындағы жастар» деп атап кеткен. Шет елдерде бұрыннан қолданылып жүрген бұл термин елімізде бірнеше жыл бедерінде ғана айтылып келеді. Қазақша баламасы «жұмыc іcтемейтін, оқымaйтын, өзге де пайдалы іcпен шұғылдaнбaйтын, бос жүрген aдaм» дегенді білдіреді. Ағылшын тіліндегі «Not in Employment, Education or Training» ұғымының бac әріптерінен құрaлғaн. Бүгінде үкімет бұл санаттағы жастардың қатарын азайту үшін көптеген жұмыс жүргізуде.
Аталған мәселеге орай аптаның сейсенбісінде аудан әкімінің орынбасары Болат Ысмұғаловтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Оған облыстық қоғамдық даму басқармасының Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Гүлназ Айдарбекова, облыстық Жастар ресурстық орталығының бөлім басшылары Алмагүл Құлмағамбетқызы мен Динара Миліханқызы, сонымен қатар дербес бөлім басшылары қатысты.
Ауданда 14 пен 35 жас аралығындағы жастардың саны – 25 442. Бұл – жалпы халықтың 30,2 проценті. Оның 1029-ы NEET санатындағы жастардың тізімінде бар. Олардың арасындағы жұмыссыздық деңгейі – 3,8 процент. Бұл – аудандық статистика бөлімінің ұсынған соңғы дерегі. Бұған қарап, кейінгі бес жылда аталған көрсеткіштің едәуір жақсарғанын байқаймыз. Ендігі міндет – алдағы уақытта осы еріншек жастардың қатарын тағы да азайту. Осыған байланысты аудан әкімінің орынбасары Болат Ысмағұлов жиналысқа қатысқан сала басшыларына арнайы тапсырма беріп, NEET санатындағы жастардың нақты санын біліп, оның алдын алу үшін жұмылып жұмыс істеу керектігін тілге тиек етті.
«Еңбек – адамның екінші анасы» деген тағылымды тәмсіл бар. Тәрбиелік мәні терең бұл сөздің мағынасын «Адамды адам еткен – еңбек» деген тағы бір дана сөз аша түседі. Иә, еңбек адамды өсіреді, өмірден өз орныңды тауып, тұлға болып қалыптасуыңа бастайды. Өкініштісі, қазіргі кезде осынау құндылықты құнттамайтын, еңбек етуге, ізденуге құлықсыз, ынта-жігері жоқ жастар да арамызда жүр. Жоғары оқу орнын немесе колледжді бітірген жастар дипломын қолына ала салып, жұмысқа орналасуды қалайды.Бірақ кейбір жұмыс беруші тарап олардың қолында қатырма қағазы болса да, жұмысқа тәжірибелі қызметкерді алғысы келеді. Ал екіншіден, кейбір мекемелердің ұсынған жалақысы жастардың көңілінен шықпай жатады. Екі қолға бір күрек таппаған соң, олар осы жұмыссыз жастар санатын толықтыруда.
Осындай проблеманың алдын алу үшін мемлекет түлектерге «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі», «Серпін» және тағы басқа да бағдарламалар мен жобалар ұсынып отыр. Мәселен, өткен жылы «Бастау-Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарынан 1587 азамат онлайн түрде оқып, сертификат алған. Сондай-ақ 2022 жылы аудандық жұмыспен қамту орталығына 723 азамат жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, оның 689-ы тұрақты жұмыспен және жұмыспен қамтудың мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылған.
Сұлушаш МАДИЯРОВА