Бүгін Қызылорда қаласы әкімдігі жанынан құрылған жедел топ жастар мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықты алдын алу мақсатында рейд жүргізді.

Қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейілов жетекшілік ететін құрамында қалалық полиция басқармасы, білім бөлімі, қоғамдық даму бөлімінің қызметкерлерінен жасақталған жедел топ қаладағы бірнеше мөлтек аудандар мен көңіл көтеретін орындарды аралап, заңды өкілінің қарауынсыз жүрген кәмелет жасына толмаған 15 жасөспірімді анықтады. Аталған балалардың ата-аналары шақырылып, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 442-2 бабы бойынша хаттама толтырылды.

Айта кету керек, жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен қылмысты алдын алуға бағытталған шаралар күнделікті жүргізілетін болады. Сондықтан барша ата-аналардан балаларды беймезгіл уақытта қараусыз қалдырмауды сұраймыз.

БӨЛІСУ