Бүгін Жалағаш ауданында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі аудандық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Сүлейменов Ғани Кенжеғараұлы, Жалағаш ауданының полиция бөлімінің Жергілікті полиция қызметінің бөлімшесінің бастығы полиция майоры Абдраманов Ержан Асылханұлы, Ювеналды полиция тобының инспекторы полиция майоры Мұстафаев Жандос, мектеп директорлары, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары және мектеп психологтары қатысты.
Отырыста 2023 жылы аудан көлемінде кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылық профилактикасы, олардың жыныстық қол сұғылмаушылығына және жасөспірімдер арасында топтық төбелестердің алдын алу бойынша атқарылған жұмыстардың тиімділігі және алдағы жоспарлар сараланды.
Алдымен, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудандық жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы полиция майоры Е.Абдрамановпен аудандық білім бөлімінің басшысы Т.Садықов баяндама жасады.
Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен жанұялардың жағдайына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, күн тәртібіндегі мәселе бойынша атқарылатын іс шараларды жыл көлемінде жүйелі түрде жалғастыруды, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жасөспірімдердің әлеуметтік желіге кіруіне шектеу қою мәселелерін қадағалауға алу жөнінде ескертті.
Аудан әкімі кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтар проблемасы қазіргі уақытта қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі екендігін айтты.
«Қазіргі оқушылардың темекіге, оның ішінде электронды темекіге әуестігі жиі байқалады. Сондай-ақ бүгінгі балалардың суық қару ұстауды мақтан ететінін БАҚ беттерінен де көріп жатамыз. Мұндай іс жасағанын батырлық санайды. Топтық төбелеске де қатысқанын да құрмет көретін жеткіншектерімізде жетерлік. Біз балаларды бұндай ойдан арылтуымыз қажет. Ол үшін ата-ана мен мектеп баланы түрлі секциялар мен үйірмелерге, спортқа баулу керек. Бүгінде мүмкіндік жеткілікті. Осындай бар жағдайды пайдаланатын болсақ, жас ұрпақты жақсы істерге тартатын болсақ құқық бұзушылық орын алмас еді»,-деді Серік Сағитжанұлы.
Жиында аудан басшысы “Бүгінгі жас – ертеңгі елдің тірегі, қорғаушысы, болашағы. Сондықтан бала тәрбиесінде «Бала-ұстаз-ата-ана» үштігі әрдайым біркелкі, ұдайы байланыста жұмыс жасауы қажет. Әркім өз жауапкершілігін жоғары сезініп, бала тәрбиесіндегі өз міндеттерін бұлжытпай орындағанда ғана ұлт үшін ұтымды іс атқарған болмақ» деп кездесуді қорытындылады.
2023-04-10