Жер тоңы жібіп, алғашқы көк дүркіреп шыға бастаған кезде шыбық қадап, тал отырғызу – сауапты іс. Өйткені, жерге шаншылған әрбір тал күтімі жақсы болса, күні ертең жапырағы дараққа айналып, жазда сая, қыста қамсау болады. Бұл бағытта бірнеше жылдан бері Қызылорда облыстық Өзбек этномәдени бірлестігі Айтбай мешіті ауласын көгалдандырумен айналысып келеді. Оған қоса, жеміс сорттарға айрықша назар аударуда. Алдыңғы жылдары еккен жеміс ағаштары гүлдеп, аулаға көрік беріп тұр.
2019 жылдың 20 наурызынан бері сауапты іске себепкер болып жүрген бірлестік мүшелері осы күнге дейін аулаға 100-ге жуық шие, өрік, алма ағаштарын, роза гүлдерін және тағы басқа көшеттерді еккен. Сенбі, жексенбі күндері бірлестік мүшелері тағы да 50-ге жуық әртүрлі тал-дарақтарды мешіт ауласына әкеліп, жерімізді көркейтуге үлестерін қосты.
-Біз әр сенбі күні жұмыстан шыққан соң, мешіт ауласына келіп, су құйып, бақшаға күтім жасаймыз. Арнайы насос қойдырдық, – дейді бірлестік жетекшісінің орынбасары Алимжан Шайымкулов.
Бірлестіктің мүшелері «Істің басы – ниет. Ниет болса, тақыр жерді де гүлдендіруге болады. Ең маңызды шаруа – жер анамызды сауықтыру»,- дейді.

 

БӨЛІСУ