Облыс әкімінің жедел штаб отырысында берген тапсырмасына сәйкес бүгін ауданда құқық бұзушылық пен топтық төбелестің алдын алу мақсатында бірқатар білім ошақтарында мектеп оқушылары мен ата-аналарының қатысуымен жиын өтті.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев төрағалық еткен алғашқы топ құрамынан жиынға облыстық мәслихат депутаты Нұрлан Самұратұлы, Қазалы ауданының құрметті азаматы Берік Бисембаев, аудан прокуроры Дарын Әбіш, аудандық полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары Ғанибек Айбергенұлы, аудандық білім бөлімінің қызметкерлері және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Арнайы топ ең әуелі №266 мектеп-лицейдің 8, 9 ,10 және 11 сынып оқушыларының ата-аналарымен кездесті. Аудан басшысы осыдан бірнеше күн бұрын ауданда орын алған төбелеске қатысты түсіндірме жасады. Одан бөлек, балалардың тәрбиесіне ең бірінші жауапты адам – ата-анасы екеніне тоқталды.

– Бүгінгі Сіздермен жүздесіп отырған себебіміз – 6 сәуір күні орын алған төбелеске қатысты болып отыр. Жалпы, Қазалы ауданы қай жағынан болмасын Қазақстанда көш ілгері келе жатқан аудандардың бірі. Соның ішінде білім саласындағы жетістігі ұшан-теңіз. Сол жолда еңбек еткен ұстаздардың да еңбегі орасан. Бірақ, өкінішке орай өткен оқыс жағдай мұғалімдердің еңбегін зая кетіргендей болды. Ол оқиға аяқсыз қалмайды. Қылмыстық іс қаралып, ата-анаға да шаралар көрілетін болады.
Әрбір ата-ана ұл не қызының «қайда, кіммен, нестеп жүргенін, тәртібі қандай, ұстаздармен байланысы бар ма?» барлығын бақылап, назарда ұстауы тиіс. Ата-ананың бақыты – баласы. Қандай ата-ана болмасын баласының темір торға тоғытылғанын қаламайды. Сондықтан үйдегі тәрбиеге көңіл бөлу қажет.
Қазір балаларымызды еркелетіп бос жібердік. Сосын ол бала тентектікке барады. Ал оның артында қылмыс тұр. Қазіргі таңда Әйтеке би кентіндегі 10 мектепке және қаладағы 3 мектепте құқық бұзушылықты болдырмау мен тәртіпсіздіктің алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, арнайы топ түнгі рейд жұмыстарын қатаң қолға алды. Бүгінгі жиынға тек ата-аналар ғана келген екен. Сондықтан ертең тағы да жиын өткізіп, оқушылармен арнайы кездесетін боламыз, – деді аудан басшысы.

Мұнан соңғы жиын 5-ші квартал аумағындағы С.Сейфуллин атындағы №165 орта мектепте жалғасты. Ата-ана мен оқушылар жиналған басқосуда аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы алғы сөзді аудан прокуроры Дарын Әбішке берді.

– Шыны керек, бұған дейінгі өткен отырыстарда ата-аналар бар мәселені бүгіп қалып жүрді. Ақырында осындай жағдайға тап болып отырмыз. Мұнан бөлек, қазір көп жасөспірімдер уақытының көп бөлігін әлеуметтік желіде өткізеді. Ал ондағы бала санасына беріліп жатқан бұрыс нәрселер оның психологиялық ауытқуына әсер етеді. Сондықтан бала үнемі ата-ананың бақылауында болып, оның не көріп, не қарап отқанына баса мән беру қажет. Аталған оқиғаға қатысты әлі де тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Сондықтан оқиғаға қатыстылар заңдылығына сәйксе тиісті шараларын көретін болады, – деді аудан прокуроры.

Кезекті кездесу Ы.Алтынсарин атындағы №204 орта мектептің оқушылары және ата-аналарымен болды. Аудан басшысы қатысып отырған ұл балаларды орнынан тұрғызып, әрбір жас өскін келешегі жарқын болу үшін қате қадам баспауы қажет екенін айтты.

– «Баламның табанына кірген тікен, менің маңдайыма кірсін» деп жүрген ата-аналар баласының бақыты үшін барлығына барады. Әкелер ел асып, аналар таңнан кешке дейін тізе бүкпей ұл-қызым ешкімнен кем болмасын деп нәпақа тауып жүр. Ата-анаға баласынан көп нәрсе қажет емес. Бастысы, «сенің балаң ұят қылды» деген абыройсыз сөзді арқалауға себепші болмасаңыздар болды. Сіздердің жеткен әрбір жетістіктеріңізге шын қуана білетін тек – ата-аналарыңыз. Сондықтан ата-ананың көңіліне қаяу салмай, сенімін ақтаңыздар, – деді аудан басшысы.

Жиын соңында аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы ата-аналардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ түріп, тиісті жауабын берді. Сондай-ақ мектеп басшылары мен мұғалімдерге оқушылардың мектеп қабырғасында жүргенде қатаң қадағалауда болуын тапсырды.

©️Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

БӨЛІСУ