Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жұмыс сапарымен Әйтеке би кентінің іргесінде жатқан бақшалықтарды аралап, мал жайылымдарын және көлдерді суландыру мақсатында келіп тұрған су деңгейін бақылады.

Көпшілік арғы бет атап кеткен 5-ші квартал аумағында жыл сайын бақша жұмыстарымен айналысатын бір топ ақсақалдар бар. Жылдағы үрдіспен бақшалық арықтарын тазалауды бастап кеткен зейнеткерлер 21 гектар жердің игілігін биылда көрсей дейді.

– Былтыр су мәселесі қиын болып, аз жеміс алғанбыз. Биыл «вакум» арқылы су жеткізуді қолға алып отырмыз. Сәтін салса, биыл қауын-қарбыздың дәмін татсақ деген ойымыз бар, – дейді зейнеткер Әзірбай Темірхан.

Ақсақалдарға риза болған аудан басшысы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Мұнан соң аудан әкімі Басықара каналының «212 пекетіне» ат басын бұрып, көлдер мен мал жайылымдарына кететін судың деңгейін бақылады.

Артынша көпшілік «Абдул аша» атап кеткен Басықара каналының «82 пекетіне» аялдап, тек көлдерге ғана кететін судың жайын көзбен көрді.

Айта кетейік, аудан басшысының жанында аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков, ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтов және «Қазалысушар» қызметкерлері болды.

БӨЛІСУ