Бүгін қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейіловтың төрағалығымен Қызылорда қаласында «Отбасының цифрлық картасын» өзектендіру бойынша кеңес отырысы өтті.

Қазақстанда 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап отбасы цифрлық картасы іске қосылды. Отбасылық цифрлық картасында 19 млн. қазақстандықтың ақпараты жинақталып, 6,3 млн. отбасының арнайы портреті қалыптастырылған. Оның ішінде, Қызылорда облысы бойынша өзектендіруге жататын 178 778 адамның тізімі қалыптастырылған.

Кеңес барысында Қызылорда қаласындағы «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінде деректерді өзектендіру жұмыстарының барысы туралы қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Кенжегүл Құрақбаева баяндады.

«Отбасының цифрлық картасы» арқылы өмірлік қиын жағдайдағы отбасылардың әлеуметтік карталары жасақталып, әлеуметтік жағдайына байланысты 3 санат негізінде ақпараттық жүйедегі мәліметтер кезеңімен өзектендірілуде. Сонымен қатар, «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі арқылы атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға потенциалды түрде үміткер бола алатын 5 530 азаматтың мәліметі ұсынылып, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын қажет ететін 288 азаматтың тізімі және жұмысынан айырылу жағдайына байланысты жәрдемақы алуға құқығы бар, бірақ өтінім бермеген 273 азаматтың тізімі ақпараттық жүйеде толық өзектендірілген.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша қалалық білім бөлімінің бас маманы Самат Күнхожаев «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына бармайтын балаларды ақпараттық жүйеге енгізу» туралы тоқталып өтті.

Келесі, Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шаймбетов «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» жүйесіне өзектендірілмеген азаматтар туралы баяндады.

Күн тәртібіндегі соңғы мәселе, NEET санатындағы жастардың тізімін өзектендіру туралы қалалық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Парасат Жаңабергенов хабарлама жасады.

Қызылорда қаласындағы жұмыссыз жастардың үлесін төмендету мақсатында @jumys.bar жобасы іске асырылып келеді. Инстаграм әлеуметтік желісінде өзекті әрі соңғы бос жұмыс орындары жарияланып отырады. «Мүмкіндіктер керуені» жобасы аясында да жұмыссыз жастарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі тұрақты түрде өткізіліп келеді. Жыл басынан бастап ұйымдастырылған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесінде 65 мекемеден 346 бос жұмыс орындары ұсынылып, 119 азамат жұмысқа орналасқан.

Күн тәртібінде көтерілген мәселелер бойынша Жанмұрат Жақсымұратұлы әр салаға «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіндегі мәліметтерді өзектендіру жұмыстарын жандандыруды тапсырып, қалаға қарасты кент және ауылдық округ әкімдеріне әрбір тұрғындардың отбасының цифрлық картасына енгізілуіне тікелей басшылық жасауды жүктеді.

БӨЛІСУ