Тергеуші қызметі қызығы мен қиындығы қатар жүретін сала. Ішкі істер органдарында ерекше орынға ие бұл саланың тарихы тереңде жатыр. Тергеуші мамандығы қашан да шынайылық пен төзімділікті, сауаттылықты, ой ұшқырлығын талап етеді. Әр қылмыстық істің артындағы адам тағдырына деген жауапкершілік үшін ақиқаттың ақ жолынан ауытқымай, қызмет атқару кез – келген адамның қолынан келе бермейтіні шындық.
Биыл Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарындағы тергеу бөлімшелерінің құрылғанына 60 жыл толып отыр. Айтулы күнге орай, бүгін Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Досжанов Амангелді Асқарұлы өз қызметінде ақиқат пен шындықты және әділдікті ту еткен тегеуріні мықты тергеушілерді марапаттады.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығымен тергеу құрылымының 9 жас қызметкері төсбелгімен және оларлың ата – аналары Алғыс хатпен марапатталды. Департамент бастығының бұйрығымен Тергеу саласының барлығы 68 қызметкері марапатталды.
«Үздік тергеуші» номинациясы бойынша Қызылорда қалалық Полиция басқармасының тергеу бөлімінің аға тергеушісі полиция капитаны Өмірзақ Нұржан Департамент бастығының грамотасымен және «Тергеу қызметіне 60 жыл» төсбелігісімен, ал «Үздік анықтаушы» номинациясы бойынша Қызылорда қалалық Полиция басқармасының анықтау бөлімінің анықтаушысы полиция капитаны Жандуллаев Батырхан марапатталды.
«Тергеу саласының тегеуріні мықты тергеушілерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Тергеушілер мен анықтаушылардың күнделікті әрі тынымсыз еңбегі шыдамдылықты, сауаттылық пен біліктілікті қажет етеді. Атқарып отырған еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, береке-бірлік тілеймін!» деді Департамент бастығының орынбасары полиция полковнигі Амангелді Асқарұлы.
Өз кезегінде марапатталғандар еңбектері еленгені үшін алғыс айтып, Қазақстан Республикасына қалтқысыз қызмет ететіндерін жеткізді.
Жалпы, Қызылорда облысының Полиция департаментінде 100-ден астам анықтаушы мен тергеуші қызмет атқарады.

 

БӨЛІСУ