Биыл облыс бойынша Конго-қырым геморрагиялық қызбасының қоздырғышы ретінде 106 елді мекен анықталды. Сәйкесінше, залалсыздандыру жұмыстары сәуір айының екінші онкүндігінен басталады деп жоспарлануда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Әлия Әбдіқайымова мәлімдеді.
-Кенеге қарсы дәрілеу аясында 30824 мал қора, 0,68 ш.ш.жерді құрайтын буферлік аймақтар және барлығы 556052 бас мал басы қамтылатын болады. Осы шаралардың тиімділігін арттыру үшін тұрғындар назарына қора-аула тазалықтарын қатаң сақтауды және қолайсыз елді мекендерде жүргізілетін өңдеу жұмыстары барысында мал бастары мен қора, аулалардың толық дәріленуіне үй иелері тарапынан қатаң бақылау қажеттігін еске саламыз,-деді Әлия Мүтәліпқызы.
Брифингте эпидемиолог мамандар облыста жыл басынан бері 46 адам кене шағу жағдайымен медициналық көмекке жүгінгенін айтты. Бұған қоса, көктемгі эпидмаусымында аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық шаралар белсенді жүргізіледі.
-Аталған аурумен көбінесе адамдардың белгілі бір кәсіби тобы ауырады. Яғни малшылар, егіншілер, фермерлер және табиғат аясында демалушылар көп шалдығады. Бұл ауру кене шағу барысында, ауру кененің қаны арқылы тікелей жұғу қаупі өте жоғары. Он төрт күн ішінде науқаста ауру пайда болуы мүмкін. Ал белгілеріне тоқталып өтсем, адамда дене қызуы қатты көтеріледі, бас айналу т.б. жағдайлары болады. Сондықтан көктемгі эпидмаусымда барынша сақтық шараларын қатаң сақтауымыз керек, – деді облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Айна Мұхамбетова.