Бүгін Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы Әлібек Қуантыров шекара маңындағы ауылдарды дамыту жоспары туралы айтты.
«Елімізде 65 ауданда 1,7 млн адам тұратын барлығы 1283 шекара маңындағы ауыл бар. «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру аясында 2023 жылға 140 шекара маңындағы ауылда 290 жобаны іске асыру жоспарланып отыр», – деді Ә.Қуантыров Үкімет отырысында Президенттің ҚР Парламенті сессиясының ашылуында берген тапсырмаларын іске асыру барысын талқылау кезінде.
Оның айтуынша, ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасында шекара маңындағы аумақтарды дамытуға айрықша көңіл бөлінді. Мәселен, Тұжырымдама аясында әлеуметтік әрі инженерлік инфрақұрылымды салу және жөндеу, отандық телеарналардың цифрлық эфирлік теле және радио хабар таратуын қамтамасыз ету, еңбек тапшылығы бар шекара маңы ауылдық округтеріндегі тұрғындардың жалақысына үстемеақы қосу және оларға басқа да жеңілдіктер беру мүмкіндігі көзделген. Бұдан басқа, өткізу пункттерінің инфрақұрылымын дамыту көзделген.
«Шекара маңындағы өңірлерді қоса алғанда, бүкіл ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған құралдардың бірі «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру болады. Ол үшін әрбір ауылдық округтің бағытын айқындай отырып, скрининг жүргізу, сондай-ақ, жеке қосалқы шаруашылықтарға микрокредит беру, сервистік-өткізу кооперативтерін қалыптастыру, техникамен және жабдықпен лизинг арқылы қамтамасыз ету шаралары іске асырылатын болады», – деді министрдің міндетін атқарушы.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы жан-жақты жаңғырту бойынша нақты міндеттерді қойған болатын. Соның ішінде әлеуметтік-экономикалық дамуға тың серпін беру қажет екенін атап өтті. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, Президенттің тапсырмаларын іске асыру мақсатында 8 бағыт бойынша 32 шарадан тұратын Іс-шаралар жоспары Президент Әкімшілігінде келісуден өтіп жатыр.

БӨЛІСУ