Былтыр облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аудандарға жұмыс сапары кезінде сәуір айында Қазалы ауданында Қазалы қаласын, сондай-ақ шілдеде Шиелі ауданына қарасты «Ақмая», «Алғабас» ауылдарын «көгілдір отынға» қосу салтанатты шарасына қатысқан болатын. Сол уақытта аймақ басшысы табиғи газ тіршілікті жеңілдетіп қана қоймай, қоршаған ортаны қорғауға, орман қорын сақтауға зор мүмкіндік беретінін, елді мекен тұрғындары газ игілігін көрсе, әлеуметтік жағдайы жақсарып, тұрмысы түзелетінін ерекше атап айтқан еді.
Бүгінге дейінгі жетістік қандай? Таратып көрелік.
Тақырыпқа шегініс
2004 жылға дейін аудан түгілі, облыс орталығы үйді жылыту үшін көмір пайдаланып келді. Ал газ толтырылған баллон әр отбасында бар еді. Күнделікті асты сонымен дайындайтын. Содан соң «Қызылорда қаласының жылу көздерін және тұрғын үй секторын ілеспе газға көшіру» жобасы басталды. Қазір жиырма жылға жуықтаған газдандыру жұмысының нәтижесі аймақ бойынша 70 пайызды құрап отыр.
Иә, сол 2004 жылы Қызылорда қаласына «көгілдір отын» келді. 2013 жылға дейін жалғасқан жұмыс 2014-2015 жылдары Тасбөгет кенті, Қызылжарма ауылы, сондай-ақ Қазалы, Арал, Шиелі, Жаңақорған аудандарының орталығы газға қосылды. Араға бір-екі жыл салып облыс орталығына жақын орналасқан Белкөл кенті мен Талсуат елді мекенінің халқы да осы игілікті көргені бар.
Газ тарту оңай жұмыс емес. Алдымен қысымды есептейтін, табиғи газ жеткізуде үлкен рөлі бар автоматтандырылған газ тарату станциялары салыну керек. 2017-2018 жылдары Жосалы, Тереңөзек, Жалағаш кентіне арнайы жоба жасалып, газ тарату станциялары салына бастады. Ал 2021 жылы аталған үш ауданның орталығынан бөлек, Шиелідегі Ш.Қодаманов, Н.Бекежанов ауылына газ құбыры тартылды. Айтпақшы, осы аралықта, яғни, 2019-2020 жылдары Аралдағы Жақсықылыш кенті, Шиелінің Байсын ауылы, Қазалыға қарасты Ғ.Мұратбаев және қала маңындағы Қарауылтөбе елді мекендері де «көгілдір отынның» қызығын көре бастады. Бұған облыс орталығындағы Сырдария өзенінің сол жағалауын газдандыру жобасын да қосып айта аламыз.
Былтырғы жұмыстар да көз алдымызда. Республикалық бюджеттен 10 жобаға қаржы берілді. Атап айтсақ, олар қалаға қарасты Ж.Махамбетов пен Наурыз, Жаңақорғандағы Бірлік пен Қыраш, Аралдағы ең үлкен елді мекеннің бірі – Сексеуіл кенті және ондағы газ тарату станциясы, Төретам мен Ақай ауылы, Қазалы ауданындағы бір-біріне іргелес орналасқан Басықара, Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов елді мекені, Шиелідегі М.Шоқай ауылы маңындағы газ тарату станциясы болатын. Бұл жұмыстарға республикадан 7,8 млрд, облыстық бюджеттен қоса қаржыландыруға 700 млн теңге бөлінген.
Нәтижесінде былтыр 589 шақырым газ құбыры тартылды. Қазалы ауданындағы бір қала мен үш ауыл, Шиелідегі Ақмая, Алғабас елді мекендері, Тереңөзек кентіндегі кейбір газ құбыры бармаған көшелерге де «көгілдір отын» тартылып, барлығы 13 мың халық табиғи газды тұтына бастады.
Ал биыл…
8,4 млрд теңге. Бұл – республикалық және облыстық бюджеттен аймақты газдандыруға бөлінген қаржы. Дұрысы, бұл қаражат ішінде былтыр басталып, биыл аяқталуға тиіс құрылыстарға да бөлініп отыр. Сексеуіл кентіне газ тарту және станция салу, Төретам кенті мен Ақай, Бірлік, Қыраш, Ж.Махамбетов, т.б. елді мекендері осы жобалар қатарында.
– Жалпы 15 жобаға қаржы бөлініп отыр. Былтыр басталған құрылыстан бөлек, Сырдария ауданындағы Қалжан ахун, Шиелідегі Еңбекші, Жиделіарық, Ә.Тәжібаев, Бестам, Ақтоған, Алмалы ауылдары, Жаңақорғандағы Төменарық, Шалқия кенті, Құттықожа, Кейден, Жайылма елді мекендеріне газ құбыры тартылады. Бұған қосымша қала маңындағы Абай ауылы да осы жобалар қатарында. Осы жылы 10 елді мекен, яғни, Ж.Махамбетов, Төретам мен Шалқия кенті, Ақай, Бірлік, Қыраш, Кейден, Жайылма, Құттықожа, және Абай ауылындағы газдандыру жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Жалпы жыл соңына дейін облыстағы газдандыру деңгейін 72 пайызға, «көгілдір отын» барған елді мекендерді 32-ге жеткізсек дейміз. Одан бөлек, биыл Қазақстан Республикасының энергетика министрлігіне жалпы құны 16,2 млрд теңге болатын 12 жобаға өтінім берілді, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жоламанов.
Ерлан Жоламановтың айтуынша, облыстағы елді мекендерді тауарлы газбен қамту «Ақшабұлақ-Қызылорда» және «Бейнеу-Шымкент» магистральды газ құбыры арқылы жүзеге асады. Сондай-ақ ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 15 маусымдағы №353 қаулысына сәйкес магистральды газ құбыры жөніндегі ұлттық оператор болып «Интергаз Орталық Азия» АҚ бекітілген.
Тағы бір айта кететін жайт, өңірде екі газ тарату ұйымы бар. Бірі «Қызылорда газ тарату жүйесі» КМК болса, екіншісі «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы.
– Облыс тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету үшін 14 автоматтандырылған газ тарату станциясын (АГТС) салу жоспарланған еді. Бүгінде 9 станция пайдалануға беріліп, өз қызметін атқарып тұр. Бұған қосымша «Тартоғай» ауылы мен Сексеуіл кенті маңындағы АГТС-тің құрылысы жүргізілуде. Енді екі станция – «Бесарық» пен «Қамыстыбас» ауылы маңындағы станция құрылысын 2025 жылға дейін іске асыру жоспарланса, қалған «Ақсуат» ауылы жанындағы АГТС-ті қосу мәселесі 2025 жылдан кейін қаралады. Жалпы облыстағы газ тұтыну көлемі 2014 жылмен салыстырғанда 38 пайызға артты. Бұл жерде «көгілдір отынның» 77 пайызын «Бейнеу-Шымкент» магистральды газ құбырынан алсақ, қалған 23 пайызы «Ақшабұлақ-Қызылорда» магистральды газ құбыры арқылы жеткізіледі, – дейді Ерлан Жоламанов.
Табиғи газ немесе әр өңірдің көрсеткішін айтсақ
Арал ауданындағы 50 елді мекен болса, мұнда тек Арал қаласы мен Жақсықылыш халқы ғана газ тұтынады. Бұл халық санына шаққанда 53 пайыздан сәл ғана асады. Ал Сексеуілдегі құбыр тарту құрылысы әлі жалғасуда.
Қазалыдағы көрсеткіш жаман емес. 73 пайыз. Биыл мұнда Абай ауылын газдандыру жобасы басталмақ. Жоба құны 373 млн теңгеден асады. Егер қаржысынан кедергі болмай, құрылысы дер кезінде басталып, жыл соңына дейін бітсе, 200-ге жуық үй, 8 әлеуметтік нысан табиғи газбен қамтылады. Сондай-ақ ауданда «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында үш денсаулық сақтау нысанына газ кіргізу үшін 98,9 млн теңге қаралған. Тағы бір қуанышты жаңалық, «ЮгГазПроект» ЖШС демеушілігімен Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылына магистральдық газ құбырын жеткізу үшін жоба-сметалық құжат әзірленіпті. Бүгінде қаржыландыру үшін салалық министрлікке ұсынылған жобаның құны – 3 млрд 817 млн теңге. Аталған серіктестік қазір осы жобаның ІІ кезеңі ретінде Қожабақы, Аранды, Жанкент, Бірлік елді мекендеріне жоба әзірлеп жатқан көрінеді.
Қармақшыға қарасты Төретам кенті мен Ақай ауылындағы газ құбырын тарту жұмыстары биыл аяқталатынан айттық. Осы жұмыстармен қатар, тағы бір жаңалық бар. Ол Дүр Оңғар елді мекеніне дейін және ауылішілік газ желісін тарту үшін 7 млрд теңгеден астам қаржыға бюджеттік өтінім тапсырылыпты. Бұл – осы ауданға қарасты Сырдария өзенінің арғы бетінде орналасқан 10 елді мекенді болашақта табиғи газбен қамтамасыз етуге әбден болады деген сөз.
Екі жыл бұрын газ құбыры тартылған Жалағашта әзірге аудан орталығы ғана «көгілдір отынды» пайдаланып отыр. Былтыр сараптамадан оң қорытынды алған Ақсу мен М.Шәменов ауылын газдандыру үшін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінім беріліпті. Қос елді мекенді қамтитын жобаның барлық құны 1 млрд 255 млн теңгеден асады.
Өткен жылы Сырдария ауданындағы Қалжан ахун, А.Тоқмағанбетов, С.Сейфуллин және Шаған елді мекенін газдандыру бойынша жобалар әзірленген еді. Ал биыл Қалжан ахун ауылына құны 330,5 млн теңге болатын жоба қаражатының 297 млн теңгеден астамы бөлініпті. Қалған 33 млн теңге жергілікті бюджеттен берілмек. Қазір құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер анықталған. Ол – «Ремстрой» ЖШС. Қалған үш ауылға қажетті қаржыны алу үшін облыстағы салалық басқарма арқылы 3,6 млрд теңгеге бюджеттік өтінім беріліпті. Қосымша Н.Ілиясов пен Ақжарма ауылына демеушілер есебінен жоба-сметалық құжаттар әзірленуде.
Шиелі ауданына қарасты ауылдың көбісі орталыққа жақын. Тіпті, кентпен іргелес қоныстанған елді мекендер бар. Мұның өзі жергілікті жердегі инженерлік-инфрақұрылымдық жағдайды дұрыстауға көп септігін тигізуде. Жоғарыда айтқандай, газ құбырлары тартылып, әр ауылдағы тұрмыстық ахуал оңалып келеді. Бүгінге дейін Шиелі кентінен бөлек, алты елді мекенге «көгілдір отын» келді. Атап айтсақ, Бидайкөл, Байсын, Н.Бекежанов, Ш.Қодаманов, Ақмая және Алғабас ауылының тұрғындары осындай игілікті істің қызығын көріп отыр.
Осы тақырыпқа орай, ауданда тағы бір қуанышты жаңалықтың лебі бар. Жалпы құны 1 млрд 62 млн теңге болатын, елді мекендерге газ тартуды қамтитын 4 жоба тиісті салалық министрлікке ұсынылыпты. Айтылған төрт жобада көрсетілген мақсат біреу-ақ. Ол – ауданға қарасты тағы да төрт ауылға газ құбырын тарту. Бұлар – Еңбекші, Бестам, Досбол би және Жиделіарық ауылдары. Бұның ішінде биыл құрылысты бастау үшін Еңбекші ауылына 270 млн теңгеден астам, Жиделіарыққа 172 млн теңге қаржы бөлінген. Сонымен қатар, ауданға қарасты Алмалы мен Ә.Тәжібаев атындағы елді мекенге газ құбырын тарту үшін қажетті 1 млрд 710 мың теңгеге бюджеттік өтінім беріліпті.
Былтыр Мұстафа Шоқай ауылы маңынан құны 2 млрд теңгеден асатын автоматты газ реттегіш станциясының құрылысы басталған еді. Бұған қосымша Тартоғай елді мекеніне демеушілер есебінен, сонымен қатар Майлытоғай ауылы бойынша ішкі және сыртқы магистральды газ құбырларын тарту үшін жоба-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Бұл үшін аудандық бюджеттен 23 млн теңгеден аса қаражат бөлінген. Айтылған жобалар іске асқан жағдайда аудан халқының 85 пайызы газбен қамтылмақ.
Ал Жаңақорғанда жобалардың көбісі биыл бітеді. Жақын күндері Бірлік пен Қыраш ауылының халқы «көгілдір отынға» қол жеткізсе, жыл соңында Шалқия кенті және үш ауыл – Жайылма, Кейден, Құттықожа елді мекенінің халқы осы табиғи байлықтың рахатын көрмек. Бұл жерде Төменарық ауылындағы құрылыс ғана 2024 жылға өтпелі.
Айта кетейік, аталған жеті аудан орталығындағы әлеуметтік нысандарды да «көгілдер отынмен» қамту жұмыстары қосымша атқарылып келеді.
Газға көшу экологиялық жағдайды жақсартуға оң әсер ететіні белгілі. От жағып, күл шығармайтын қалалықтарға қызығатын ауылдағы ағайынға бұл дүние біртіндеп жетіп жатыр. Кейінгі бес жылда «көгілдір отынға» қол жеткізген ауылдар қатары көбейген.
Сөз соңы
Мақала басында айтқандай, көрсеткіш 70 пайыз. Бұл былтырғы көрсеткіш. Жыл аяғына дейін өзгеретіні сөзсіз. Аймақтағы халықты «көгілдір отынмен» қамту жағы осындай нәтижеге жетіп отыр. Әу баста облыс орталығы мен кейбір кент іші ғана газдандырылған болса, кейінгі жылдары қарқынның үдегені рас. Мысалы, 2015 жылға дейін тек облыс орталығы ғана табиғи газды пайдаланып келді. Ал 2014 жылы «Бейнеу-Шымкент» магистральды газ құбыры пайдалануға беріліп, одан кейін аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендер «көгілдір отынға» біртіндеп қол жеткізе бастады. Бүгінде аймақта 4 қала, 6 аудан орталығы және 16 елді мекенге газ құбыры тартылып, ондағы жұрт игілігін көріп отыр.
Айтпақшы, жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында былтыр тауар газына тапшылық туындағанын, бұл бүкіл еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне қатер төндіре жаздағанын айтты.
«Мұндай келеңсіздікке жол бермеу үшін нарықты газбен қамтамасыз ету керек. Қазақстанда газдың бағасы көрші мемлекеттерге қарағанда әлдеқайда арзан. Шетелдегі сияқты әртүрлі тарифтерді бізге де енгізу мүмкіндігін қарастырған жөн. Жалпы төмен тарифтер мен төмен бағалар экономикамызға теріс ықпал етеді. Бөлінген барлық субсидиялар көрші елдерге босқа кетеді. Қаншалықты қиын болса да, бұл мәселені біртіндеп шешу қажет. Басқа жол жоқ», – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ зәулім үйлерін күндіз-түні төмен тарифтегі бағамен жылытып отырғандарға газдың текше метрінің бағасы қымбатырақ болуы керек. Президенттің пайымынша, әлеуметтік әділеттілік осындайда көрініс табады. Қазіргі геосаяси жағдайда қолда бар шикізатты тиімді қолдану маңызды. Арзан газды өндірісте, тұрмыста бей-берекет пайдаланудың уақыты өтті. Осы орайда Үкімет тауар газының энергетикалық тиімділігін арттыру және үнемді пайдалану жоспарын әзірлеуі керек.
Дейтұрғанмен де талай жыл көмір жағып, ыс пен қою түтіннің құрсауында отырған қарапайым халыққа газ пайдасы тіптен мол. «Көгілдір отын» көмірмен жылытудан әлдеқайда арзан. Жоғарыда айтып кеткендей, аймаққа тиесілі ауқымды жобалар біртіндеп іске асса, тұрғындардың тұрмыс тауқыметін азайтып, әлеуметтік жағдайына оң әсер етері сөзсіз. Ең бастысы, жыл сайын газдандыру жұмысы қарқын алып, халықтың игілігі еселей түссе дейміз. Ауылдың тіршілігі қаланың қарымына иек артып, тұрмыс атаулы жаңа сипатқа көшсе, ондағы ағайын қуанбай қайтеді?!
Ержан Қожас,
«Сыр бойы»